вторник, 30 июня 2015 г.

Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы

Орталықтандырылған кітапханалар  жүйесі КММ- сі  М.Әуезов атындағы  кітапхана филиалының «Жас толқын» поэзия клубының мүшесі



  ФАЗЫЛ  МӨЛДІР


 Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданында 1999 жылы 14 сәуірде дүниеге келген. Медицина колледжінің ІІ-курс студенті. Тіл мерекесіне байланысты  өткізілген “Сөз мерген” атты сайыста І-орынмен марапатталды.





Абай Құнанбаев 170 жыл

Қанша ғасыр өлмей, өшпей жасап келген,
Бірге жүрер есіміңіз қазақ пенен,
Сізді біз ешқашанда ұмытпаймыз,
Поэзиядан мызғымас жол сап берген.
Оқып өссек сіздей асыл дараларды,
Толысар еді әрбір қазақ саналары
Әр халықтың өзіндік бір даналары
Сіздей дара, дана болып саналады.
Біз оқимыз өшпейсіз сіз әрине,
Сіз арқылы таныламыз біз бәріне,
Бүгін міне 170 жыл өтсе дағы,
Оқып жүрміз ұмытпадық әліде.
Бүгін міне көше ауыл мектебіміз,
Соған дәлел өлмей келіп жеткеніміз.
Тіпті шетел ескерткішті қойып жатыр
Әрине  ол өзіңіздің еңбегіңіз




Орталықтандырылған кітапханалар  жүйесі КММ- сі  М.Әуезов атындағы  кітапхана филиалының «Жас толқын» поэзия клубының 
мүшесі



        ҚАЙРУЛЛИНА МАДИНА ҒАЗИЗҚЫЗЫ



1998 жылы 23 маусымда Жезқазған қаласында дүниеге келген. Медицина колледжінің ІІ-курс студенті






Қазақтың ұлы ақыны

Алтын құрсақ Ұлжаннан туған тыл тұлға,
Сөзіне шешен Зереден өскен кемеңгер.
Ерлікпен зергек өскен телқара,
Қазір де міне, қазаққа ұлы қайраткер.
Парасатпенен алғыр ойдың иесі,
Шыншылдық пен рақымдықтың кемесі
“Атадан алтау, анадан төртеу” үй тұғын,
Адалдық пен еңбекқордың мекені.
Халықпен Абай арасы махаббаты жалғасар,
Қара сөзге дес бермеген, әрбір сөзі ой салар.
Тілі орамды, өнері шебер, кестесі көркем дананың,
Әрбір сөзі мың жасаса, шырыны кетпес сусындар.
Абай – дана, Абай – дара, қалдың мына қазақта,
170 жыл толып отыр кемеңгер біздің ақынға.
Дүниеге келер ма екен ұлы хакім Абайдай?
Пір тұтарың, тыныштық берсін, қадірің сенің артуда.


Бес нәрсеге асық бол



Жұмағалиева Азиза

8 «А» сынып оқушысы
№5 үлгілі кітапхана-филиалының оқырманы с.Кеңгір






Талап
Байқасаң қарап,
Биік қой талап.
Қандай іс болсын,
Қаласың жарап.



Кәрім  Айбану

7 «А» сынып оқушысы
№5 үлгілі кітапхана-филиалының оқырманы с.Кеңгір






Еңбек
Көп еткен еңбек,
Қиынды жеңбек.
Етсең бір еңбек,
Маңдайын терлеп.
Тарайды бойға ас,
Көңілің өрлеп.



Қожамсейтов Дарын

8 «А» сынып оқушысы
№5 үлгілі кітапхана-филиалының оқырманы с.Кеңгір






Терең ой
Терең ой тербеп,
Отырсаң сергек
Жадырар жаның
Куаныш кернеп!
Мазаласа терең ой,
Дәптеріңе жазып қой.
Қалмау үшін өмірден,
Ертеңіне азық қой.




Абишева  Аружан

6«А» сынып оқушысы
№5 үлгілі кітапхана-филиалының оқырманы с.Кеңгір





Қанағат
Қанағатты адам болсаң ойлап қой,
Тәубе қылып мөлшеріңе қарап қой.
Рақымшылық етіп әрбір күніңе,
Алла құлы екеніңді біліп қой.

Жер жаһанды аралап,
Жазықсызды жаралап.
Алмау үшін адамға,
Керек екен қанағат.

Рахым
Білімнің  жағып шырағын ,
Көзін ашып тұманның.
Жан біткеннің бәріне,
Жасау керек рахым!  

Бес асыл іс

Талаптыдай  таудай ақыл ойлап көр,
Еңбекшілдей ерінбестей ер боп көр.
Терең ойлап әрбір істің байыбын.
Ақылменен, еңбекпенен байқап көр. 




Бес нәрседен қашық  бол


 



Байқоңыров Қалдыбай Елтіндіұлы 

 Қазіргі таңда зейнеткер. №3 кітапхана – филиалының оқырманы ст.Теректі.
   




Өтірік өрге баспас өрілгенмен,
Өсектің жолы қысқа өмірінен,
Мақтаншақ өркөкірек орға жығар,
Бәрінен білімді озар ғылым білген.

Еріншек еңбекке жоқ еш икемі,
Жандар бар мына өмірде кем секілді,
Дайын ас той-томалақ арзан күлкі,
Осылай сайран салу бар білгені.

Бізге жат осы мінез қалыптасқан,
Ұлы – Абай заманында жырға қосқан,
Оянып –ойланатын кезің келді,
Қазағым кем емессің өзге ұлттан.










Таңатар Диана
5  сынып оқушысы

№3 кітапхана-филиалының оқырманы ст.Теректі




Өнер таппай мақтанба,
Өсек айтып шаттанба.
Мақтаншақтық жатқылық,
Мақтанып текке баптанба.

Өтірік өрге баспаған,
Бабамыз өтірік айтпаған.
Еріншектік жат қылық,
Жалқаулық алға баспаған.

Өсек аяң қаңқу сөз,
Жамандыққа болар кез.
Ойланып сөйлеп отырсаң,
Жақсылық болар ол әркез.

Осының бәрін саралап,
Ақын Абай атамыз.
Атамыздың ойларын,
Әрқашан жатқа айтамыз.




четверг, 21 мая 2015 г.

«Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым»

Кенжебай Карбозұлы ешуақытта да сарқылмас, тереңдіктің тағылы –Ұлы Абай әлеміне драма жанры арқылы барлау яғни Абайдың 150 жылдығында оның     «Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым» драмасының  республикалық театрлар фестивалінде Бас жүлде иеленгені баршаға аян. Аталмыш туынды Абай әлемін зерттеуге үлес қосты. Сонымен бірге Әуезовтану ғылымына жаңалық әкелді десек, артық айтқандық болмас. Драманың ұзына – бойына жымдаса орналасқан қайталанбас тұлғалар, кесек мінездер, көрерменді толғантатын, ойлантатын ауқымды тартысқа негізделген оқиғалар, тың шешім шығармаға философиялық рең дарытқан. С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалық театрының орындауында «Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым» қойылымын ұсынамыз.

вторник, 28 апреля 2015 г.

Ұлы ақын есімінде

АБАЙ КӨШЕСІ  - қала орталығындағы ең ұзын көшелердің бірі. Бұл көше бойында «Қарлығаш» балалар шипажайы, «Қаратал» емханасы, «Қазақмыс» корпорациясының бас ғимараты, №11 қазақ орта мектебі, мемлекеттік өрт сөндіру қызметі, қазақүрік лицейі, №6 және 9 кәсіптік-техникалық мектептері, «Әмбебап» сауда дүкені орналаскан. Көше абаттандырылып, көгалдандырылған. Негізінен 1-2 және 5 қабатты үйлер бой түзеген. Көше атауы еңбекшілер депутаттары Жезқазған қалалық Кеңесі атқару комитетінің 1958 жылғы 12 ақпандағы № 49 шешімімен қазақтың атақты ақыны, ұлы ойшылы Абай Құнанбаевтың құрметіне аталған. Көшенің жалпы ұзындығы 3200 метр, асфальтталған.


вторник, 14 апреля 2015 г.

Қазақ поэзиясының күншуағы

Адамның кейбір кездері
Адамның кейбір кездері.
Көңілде алаң басылса;
Тәңірінің берген өнері
Көк бұлттан ашылса;
Сылдырлап өңкей келісім
Тас бұлақтың суындай,
Кірлеген жүрек өзі ішін
Тұра алмас әсте жуынбай.
Тәңірінің күні жарқырап,
Ұйқыдан көңіл ашар кез.
Қуатты ойдан бас құрап,
Еркеленіп шығар сөз.
Сонда ақын белін буынып,
Алды-артына қаранар.
Дүние кірін жуынып,
Көрініп ойға сөз салар.
Қыранша қарап қырымға,
Мұң мен зарды қолға алар.
Кектеніп надан зұлымға,
Шиыршық атар, толғанар.
Әділет пен ақылға
Сынатып көрген-білгенін
Білдірер алыс, жақынға
Солардың сөйле дегенін.
Ызалы жүрек, долы қол,
Улы сия, ащы тіл,
Не жазып кетсе, жайы сол,
Жек көрсеңдер өзің біл.



Адасқанның алды — жөн, арты — соқпақ
Адасқанның алды — жөн, арты — соқпақ,
Оларға жөн арамның сөзін ұқпақ. 
Қас маңғаз малға бөккен кісімсініп, 
Әсте жоқ кеселді істен биттей қорқпақ.
Бір аршопке шапаны сондай шап-шақ, 
Мүшесінен буынып, басады алшақ. 
Қарсы алдына жымырып келтірем деп, 
Ақ тымақтың құлағы салтақ-салтақ.
Жаздыкүні ақ бөркі бүктелмейді-ақ, 
Қолында бір сабау бар о-дағы аппақ, 
Керегеге сабауды шаншып қойып, 
Бөркін іліп, қарайды жалтақ-жалтақ.
Қу шалбар қулығына болған айғақ, 
Тізесін созғылайды қалталанса-ақ. 
Ұстаудағы кісідей мезгілі бар, 
Күні бойы шешініп, бір т...-ақ.
Тірі жанға құрбы боп жап-жасында-ақ, 
Қалжыңдамақ, қасынбақ, ыржаңдамақ, 
Бет-аузын сөз сөйлерде жүз құбылтып, 
Қас кермек, мойын бұрмақ, қоразданбақ.
Осындай сидаң жігіт елде мол-ақ,
Бәрі де шаруаға келеді олақ.
Сырын түзер біреу жоқ, сыртын түзеп, 
Бар өнері — қу борбай, сымпыс шолақ.
Олардың жоқ ойында малын бақпақ, 
Адал еңбек, мал таппақ, жұртқа жақпақ. 
Жалғыз атын терлетіп, ел қыдырып,
Сәлемдеспей, алыстан ыржаң қақпақ.


Алла деген сөз жеңіл
Алла деген сөз жеңіл,
Аллаға ауыз жол емес.
Ынталы жүрек, шын көңіл
Өзгесі хаққа қол емес.
Дененің, барша қуаты
Өнерге салар бар күшін.
Жүректің ақыл сауаты
Махаббат қылса тәңірі үшін.
Ақылға сыймас ол алла,
Тағрипқа тілім қысқа аћ!
Барлығынша шүбәсіз,
Неге мәужүт ол қуа.
Ақыл мен хауас барлығын
Білмейді жүрек,сезедүр,
Мұтәкәллимин мантикин
Бекер босқа езедүр.


Алланың өзі де рас, сөзі де рас
Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Рас сөз ешуақытта жалған болмас,
Көп кітап келді алладан, оның төрті,
Алланы танытуға сөзі айрылмас.
Әманту оқымаған кісі бар ма?
Уәктубићи дегенмен ісі бар ма?
Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер,
Жарлықпен ол сіздерге, сіз де оларға...
Замана, шаруа, мінез күнде өзгерді,
Оларға кез-кезімен нәби келді.
Қағида шариғаты өзгерсе де,
Тағриф алла еш жерде өзгермеді.
Күллі махлұқ өзгерер, алла өзгермес,
Әћли кітап бұл сөзді бекер демес.
Адам нәпсі, өзімшіл мінезбенен
Бос сөзбенен қастаспай түзу келмес.
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп
Және хақ жолы осы деп әділетті.
Осы үш сүю болады иманы гүл,
Иманның асылы үш деп сен тахқиқ біл.
Ойлан-дағы, үшеуін таратып бақ,
Басты байла жолына, малың түгіл.
Дін де осы шын ойласаң, тағат та осы,
Екі дүние бұл тасдиқ— хақтың досы.
Осыларды бұзатын және үш іс бар:
Пайда, мақтан, әуесқой онан шошы.
Руза, намаз, зекет, хаж—талассыз іс,
Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.
Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті
Қылмағанмен татымды бермес жеміс.
Бас жоғары жаралған, мойын төмен,
Қарашы, дене біткен ретімен.
Істің басы — ретін танымақтық.
Иман білмес тағатты қабыл демен.
Имамдар ғибадаттан сөз қозғаған,
Хұснизән мен иманды білді ойлаған.
Иманның тазалығын жақсы ұқтырмай,
Сыртын қанша жуса да, іші оңбаған. 
Алла мінсіз әуелден, пайғамбар хақ,
Мү'мин болсаң, үйреніп сен де ұқсап бақ.
Құран рас, алланың, сөзі дүр ол,
Тә'уиліне жетерлік ғылымың шақ.
Алланың, пайғамбардың, жолындамыз,
Ынтамызды бұзбастық иманымыз.
Пайда, мақтан әуесқой — шайтан ісі,
Кәні біздің нәпсіні тыйғанымыз?
Мүмин болсаң, әуелі иманды бол,
Бендеге иман өзі ашады жол,
Шыр айнал да, таза ойла бір иманды,
Мұнафиқ намаз қылмап па, мағлұм ғой ол.
Алла ішімді айтқызбай біледі ойла,
Бендесіне қастықпен кінә қойма.
Распенен таласпа мү'мин болсаң,
Ойла, айттым, адамдық, атын жойма!


Антпенен тарқайды
Антпенен тарқайды.
Жиылса кеңеске.
Ор қазып байқайды
Туа жау емеске.
Анттасып алқайды,
Сен тентек демеске.
Кім антын шайқайды.
Амал жоқ жемеске.
Аз адам шаршайды,
Ебіне көнбеске.
Басы ыңғай қайқайды,
Амал жоқ өлмеске.
Ел састы аңқайды,
Би тартты егеске.
Жұрт тағы мал жайды
Ой қылар бермеске.
Өсімге қол жайды,
Тай алып серкешке.
Алмаса ол тайды,
Дап-дайын көрмеске.
Кедей би жантайды
Сауыр мен өркешке.
Саумаққа ол байды,
Кеңесер би кешке.
Қайғы қып болмайды.
Өкпелеп білмеске.
Сүйтсе де оңбайды,
Бұрынғы түсті еске. 
Пысықтар шалқайды,
Таласып теңдеске.
Бермеске қағып шонтайды
Өзімен жемдеске.
Таласып тарқайды
Ақшадан төрт-беске.
Бірлікті шайқайды,
Араз бол өнбеске.



Асқа, тойға баратұғын
Асқа, тойға баратұғын,
Жаны асығып жас жігіт,
Қолға кетті жауға бір күн,
Тірі адамның ісі — үміт.
Қозғады жау батыр ерді,
Жауға сойқан салғалы.
Қалыңдығы қала берді,
Жатыр еді алғалы.
Асықсаң да, шырағым,
Саған деген құданың
Жазылған қандай жарлығы,
Есіткен жоқ құлағың.
Қалыңдық құшып, сүюге
Күйеуіне ынтызар.
Келісімен тиюге
Дайындалған ойы бар.
Көйлегін ақтан тіккіштеп,
Күні-түні демалмай,
Бітіруге жүр күштеп.
Асыққансып, тоқталмай.
Сен асыққан екен деп,
Алла әмірін өзгертпес.
Айтқаның болар ма екен деп,
Мен қорқамын, көз жетпес,
Жара басты кеудені,
Жаудан өлді ар үшін,
Ескермей өзге дүниені,
“Аћ!” деп өтті жар үшін.
Жамандық тұрмас күттіріп,
Ел есітті, қыз білді,
Ақ көйлекті бітіріп,
Кебінім деп киді, өлді...
Қол жетпеген некені
Сүйіп кеткен жан екен.
Көзің неге жетеді,
Қосылмақ, онда бар ма екен?
Шыны ғашық жар болса,
Неге өлдім деп налымас.
Онда екеуі кез келсе,
Бірін бірі, танымас.


Ата-анаға көз қуаныш
Ата-анаға көз қуаныш—
Алдына алған еркесі.
Көкірегіне көп жұбаныш,
Гүлденіп ой өлкесі.
Еркелік кетті.
Ер жетті,
Не бітті?
Оқытарсың молдаға оны,
Үйретерсің әрнені.
Медеу етіп ойы соны,
Жаны тыныштық көрмеді.
Жасында күтті,
Дәме етті,
Босқа өтт.
Ата көңілі жанбаса бір.
Артық өнер шықпаса
Ел танымай, үй танып құр,
Шаруасын да ұқпаса.
Үміті қайда?
Соны ойла,
Абайла!
Сүйер ұлың болса, сен, сүй,
Сүйінерге, жарар ол.
Сүйкімі жоқ құр масыл би
Сүйретіліп өтер сол.
Табылмас қайла.
Ойбайла
Не пайда?
Зарланарсың, ойланарсың
Не болам деп енді мен.
Құрбылардан қорланарсың,
Тәңірі ісіне сен де көн.
Қайғысыз бенде
Көрдің бе,
Өміріңде?
Тәңірі сорлы етсе бенде,
Не бітірер құр жылап.
Жігері жоқ ақылы кенде,
Жанбасыңнан жат сұлап!
Бір жаман мен бе?
Дедің бе
Көңіліңде?


Ауру жүрек ақырын соғады жай
Ауру жүрек ақырын соғады жай,
Шаршап қалған кеудемде тулай алмай.
Кейде ыстық қан басып кетеді оны,
Дөңбекшіген түндерде тынши алмай.
Қараңғы саңырау қайғы ойды жеңген,
Еркелік пен достықты ауру көрген.
Ақылы жоқ, ары жоқ, шуылдақты
Күнде көріп, тұл бойы жиіркенген.
Тіріліп өткен күнді, тағы шөлдеп,
Осы күнді күн демес қарғап, міндеп.
Кейде тілеп бақ пенен тағы тыныштық,
Кейде қайғы, азапты тағы да іздеп
Кейде ойлайды жылауға қайғы зарын,
Тынышсыз күнде ойлаған дерттің бәрін
Кейде онысын жасырар жұрттан ұрлап,
Кетірер деп мазақтап беттің арын.
Ауру жүрек ақырын соғады жай,
Өз дертін тығып ішке, білдіре алмай,
Кейде ыстық тағы да қан басады,
Кейде бір сәт тыншығар үн шығармай.



Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей
Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей
Тоқ тұра алмас дәмдіден дәмді іздемей.
“Бір тойған — шала байлық” деген қазақ,
Ет көрінсе, қайтеді күйсей бермей?
Еңбек жоқ, харекет жоқ қазақ кедей
Тамақ аңдып қайтеді тентіремей?
Ет пен қымыз сықылды ас жоқ дейді,
Ол немене жоқтықтың әсері емей?
Ет, қымыз тамақ болса әркімге арзан,
Тәтті дәмді іздер ең онан да арман.
Өз пұлыңмен халің жоқ күнде тояр,
Құлдық ұрып асайсың асы бардан.
Өз үйіңнен тоярға қолың қысқа,
Ас берер ауылды іздеп жүрсің босқа.
Бір жілік пен бір аяқ қымыз берген
Дереу сені жұмсайды бір жұмысқа.
Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел,
Малың болса, сыйламай тұра алмас ел.
Қаруыңның барында қайрат қылмай,
Қаңғып өткен өмірдің бәрі де — жел.
Тәуекелсіз, талапсыз мал табылмас,
Еңбек қылмас еріншек адам болмас.
Есек к...н жусаң да мал тауып кел,
Қолға жұқпас, еш адам кеміте алмас.
Қулық, сұмдық, ұрлықпен мал жиылмас,
Сұм нәпсің үйір болса, тез тиылмас.
Зиян шекпей қалмайсың ондай істен,
Мал кетер, мазаң кетер, ар бұйырмас.
Асаған, ұрттағанға ез жұбанар,
Сенімді дәулет емес сен қуанар.
Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас,
Қардың суы сықылды тез суалар.
Мінер атын, киімін ып-ықшам қып,
Сымбаттанып, сымпиып тамақ аңдып,
Бұраңдап жылы жүзін асқа сатқан
Антұрғанға қосылмай, кел, кет қаңғып.
Күлдіргіштеу, күлкішіл, қалжыңға ұста,
Кезеген ит тым-ақ көп біздің тұста.
Өз үйінен жиреніп, қашып жүрген
Антұрғанға қосылма қапылыста.

Әсемпаз болма әрнеге
Әсемпаз болма әрнеге
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сен де — бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та, бар, қалан!
Кайрат пен ақыл жол табар
Қашқанға да қуғанға.
Әділет, шапқат кімде бар,
Сол жарасар туғанға.
Бастапқы- екеу соңғысыз,
Біте қалса қазаққа,
Алдың — жалын, артың — мұз,
Барар едің қай жаққа? 
Пайданы көрсең бас ұрып,
Мақтанды іздеп, қайғы алма.
Мініңді ұрлап жасырып.
Майданға түспей бәйгі алма.
Өзіңде бармен көзге ұрып,
Артылам деме өзгеден.
Күндестігін қоздырып,
Азапқа қалма езбеден.
Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық қылған жалықпас
Үйретуден балаға.


Базарға, қарап тұрсам, әркім барар
Базарға, қарап тұрсам, әркім барар,  
Іздегені не болса, сол табылар.
Біреу астық алады, біреу маржан, 
Әркімге бірдей нәрсе бермес базар.
Әркімнің, өзі іздеген нәрсесі бар, 
Сомалап ақшасына сонан алар. 
Біреу ұқпас бұл сөзді, біреу ұғар, 
Бағасын пайым қылмай аң-таң қалар. 
Сөзді ұғар осы күнде кісі бар ма? 
Демекпін жалпақ жұртқа бірдей жағар.
Жазған соң жерде қалмас тесік моншақ, 
Біреуден біреу алып, елге тарар. 
Бір кісі емес жазғаным, жалпақ жұрт қой 
Шамданбай-ақ, шырақтар, ұқсаң жарар. 
“Ит маржанды не қылсын” деген сөз бар, 
Сәулесі бар жігіттер бір ойланар.



Байлар жүр жиған малын қорғалатып
Байлар жүр жиған малын қорғалатып, 
Өз жүзін онын беріп алар сатып, 
Онын алып, тоқсаннан дәме қылып, 
Бұл жұртты қойған жоқ па құдай атып.
Барып келсе Ертістің суын татып, 
Беріп келсе бір арыз бұтып-шатып, 
Елді алып, Еділді алып есіреді, 
Iсіп-кеуіп, қабарып келе жатып. 
Әрі-бері айналса аты арықтап, 
Шығынға белшесінен әбден батып. 
Сұм-сұрқия, қу, білгіш атанбаққа, 
Құдай құмар қылыпты қалжыратып. 
Қорғаласа, қорықты деп қоймаған соң, 
Шаптырады қалаға бай да андатып. 
Күшті жықпақ, бай жеңбек әуел бастан, 
Қолға түсер сілесі әбден қатып. 
Жаны аяулы жақсыға қосамын деп, 
Әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып.



Бойы бұлғаң
Бойы бұлғаң,
Сөзі жылмаң
Кімді көрсем, мен сонан
Бетті бастым,
Қатты састым,
Тұра қаштым жалма-жан.
Өз ойында
Тұл бойында
Еш міні жоқ бендесіп,
Түзде мырзаң,
Үйде сырдаң,
Сөзі қылжаң еркесіп.
Бас құрасып,
Мал сұрасып,
Бермегенмен кетісер.
Адам аулап,
Сыпыра саулап,
Байды жаулап жетісер.
Сөз қыдыртқан,
Жұрт құтыртқан,
Антын, арын саудалап,
Бұтты-шатты,
Үй санатты,
Байдан атты алмалап.
Кедейі — ер,
Кеселі зор,
Малды байдан сорлы жоқ.
Аш көмектің,
Жемдемектің,
Босқа әлектің орны жоқ.
Ел қағынды,
Мал сабылды,
Ұрлық, өтірік гуде-гу.
Байы — баспақ,
Биі саспақ,
Әулекі аспақ сыпыра қу.
Ақы берген,
Айтса көнген
Тыныштық іздер елде жоқ.
Аққа тартқан,
Жөнге қайтқан,
Ақыл айтқан бенде жоқ.
Әз тұтуға,
Сыйласуға
Қалмады жан бір татыр.
Сыпыра батыр,
Пәле шақыр.
Болдың ақыр тап-тақыр.
Су жұғар ма,
Сөз ұғар ма
Сыпыра жылмаң жел буаз?
Айтты — көндім,
Алды — бердім,
Енді өкіндім — өзіме аз.


Болды да партия
Болды да партия,
Ел іші жарылды,
Әуремін мен тыя
Дауың мен шарыңды.
Құрбыдай қош тұттым
Жасың мен кәріңді.
Жоқтамай ұмыттым
Ақыл мен нәріңді.
Ортаға кеп салдым
Өзімде барымды.
Япырмау, неңді алдым,
Сау қоймай арымды?
Ойымнан ой бөліп,
Қозғадың тамырды.
Көңілге тік келіп,
Кетірдің сабырды.
Ойым да ақ, жарым да ақ,
Кеңімді, тарымды
Қарасам байымдап
Сөзің сол сарынды
Өсекке салмаңдар
Ойымды, жарымды.
Өлшеуге алмаңдар,
Ойым бек тарылды.
Ұрыңнан асырдың
Сұм тілді қарынды.
Жасырдым, жасырдым,
Енді айттым зарымды.


Буынсыз тілің
Буынсыз тілің,
Буулы сөзің,
Әсерлі адам ұғлына.
Кісінің сөзін
Ұққыш-ақ өзің,
Қисығын түзеп туғрыға.
Сезімпаз көңіл
Жылы жүрек.
Таппадым деп түңілмес.
Бір тәуір дос
Тым-ақ керек,
Ойы мен тілі бөлінбес.


Білектей арқасында өрген бұрым
Білектей арқасында өрген бұрым,  
Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын. 
Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты, 
Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін.
Аласыз қара көзі айнадайын, 
Жүрекке ыстық тиіп салған сайын, 
Үлбіреген ақ етті, ашық жүзді, 
Тісі әдемі көріп пе ең қыздың жайын?
Бұраң бел, бойы сұлу,кішкене аяқ, 
Болады осындай қыз некен-саяқ. 
Піскен алма секілді тәтті қызды 
Боламын да тұрамын көргендей ақ.
Егерде қолың тисе білегіне, 
Лүпілдеп қан соғады жүрегіңе. 
Бетіңді таяп барсаң, тамағына, 
Шымырлап бу енеді сүйегіңе.


Білімдіден шыққан сөз
Білімдіден шыққан сөз
Талаптыға болсын кез.  
Нұрын, сырын көруге
Көкiрегінде болсын көз. 
Жүрегі — айна, көңiлі — от, 
Сөз тыңдамас ол баяу. 
Өз өнері тұр таяу,
Ұқпасын ба сөзді тез? 
Әблет басқан елерме
Сөзге жуық келер ме? 
Түзу сөзге сенер ме
Түзелмесін білген ез? 
“Айтшы-айтшылап” жалынар, 
Ұққыш жансып шабынар. 
Ұқпай жатып жалығар
Ұйқылы-ояу бойкүйез.
Жас баладай жеңсікқой, 
Байлаулы емес ақыл ой, 
Ойлағаны — айт пен той,
Ыржаң-қылжаң ит мінез„
Сұлу қыз бен я батыр 
Болмаған соң, тәңрі алғыр, 
Шығып кетер, я қалғыр,
Оған ақыл — арам без.
Жақсыға айтсаң, жаны еріп, 
Ұғар көңіл шын беріп, 
Дертiң ішіне ем көріп,
Неге алтынды десін жез.
“Ой, тәңір-айшыл” кер есек, 
Қулық, сұмдық не өсек 
Болмаған соң, бір есеп —
Мейілі қамқа, мейілі бөз.


Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында
Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында,
Хан да жанын қияды қыз жолында.
Алтын-күміс кигені, қамқа, торғын,
Күтуші қыз-келіншек жүр соңында.
Деген сөз: “Бұқа буға, азбан дуға”,
Хан қарық боп, түсіп жүр айғай-шуға.
Етімді шал сипаған құрт жесін деп,
Жартастан қыз құлапты терең суға.
Сән-салтанат жұбантпас жас жүректі,
Кім де болса тұрғысын көксемек-ті.
Мезгілі еткен, дәуренді қуалаған,
Неғылсын бір қартайған қу сүйекті?
Кәрі жас дәурені өзге тату емес.
Епке көнер ет жүрек сату емес.
Кімде-кім үлкен болса екі мүшел,
Мал беріп алғанменен қатын емес.
Есерлер жас қатынды тұтады екен.
Жас қайғысын білдірмей жұтады екен.
Ортасында бұлардың махаббат жоқ,
Тұсап қойып қашырар бұқа ма екен?
Бай қартайса, малына берер шылбыр,
Мал өмірді жаңғыртпас, құдай ұрғыр.
Біреудің қызын алып малға сатып,
Баяғыны іздеген қандай құрғыр?
Қатыным “қалай” демес ақсақал бай,
Сонымен дос болып жүр апырым-ай!
Қу қатының майысса, мәз боласың,
Шайтанның шәкіртінің қылығын-ай!
Қартаң бай, қатты сақ бол, тілге көнсең,
Мүйіз шығар қатынның тіліне ерсең
Тіпті оңбассың, өзіңе-өзің мәз боп,
Дастарханның байлығын мақтан көрсең.
Кінәсіз бәйбішемен болады араз,
Жастың көңілі жылымас, ол өзіне аз,
Біреуі — көк балдырған, бірі-қурай,
Бір жерге қосыла ма қыс пенен жаз?
Үнемі болмас құйрықты бұлаңдатқан,
Сауырсына шапақтап, сүйіп жатқан.
Екі көңіл арасы — жылшылық жер,
Оны қайтып қосады ол антатқан?

Бөтен елде бар болса
Бөтен елде бар болса,  
Ежеттесің, сыйласың, 
Сыбырлас, сырлас көп болған.  
Көптен тату қимасың. 
Басыңа жұмыс түскен күн 
Татулықты бұрынғы 
Не қылып ол ойласын.
Ашып берер жауыңа 
Өзі көрген қоймасын. 
Желіккен жауға кез болса, 
Араздығы сөз болса,
 “Бәрекелді батыр” деп, 
“Мықты боп бара жатыр” деп,  
Мақтап-мақтап қоздырар.  
Ескі досын көргенде,
Есебі жоқ ант ішіп,
Аруақ, құдай айтысып,
Сыр алғалы айттым деп, 
Жауыңды алдап қайттым деп, 
Құдайдан қорықпай, антұрған 
Иман жүзін тоздырар.
Келіп-кетіп көп жүріп, 
Мен досыңмын деп жүріп,
Дұшпандығын оздырар.
Алдайды деп жауыңа,
Ел тарттырмай баурына,
Көрінгенді азғырар.
Кеселді болып бітеді
Жақсыға біткен жақындар.
Жау жағадан алған күн
Өздері иттей тақымдар.
Үйде отырып ескенде,
Бәрі шешен қақылдар.
Аулаққа шығып бірінің
Бірі сөзін мақұлдар.
Жау көп болса басыңда,
Бірі қалмас қасыңда.  
Жетектесең, табандар.
Далаға шығып өзіңді
Жаттан бетер жамандар. 
Жалбарынып күн көріп, 
Жақынын сатып, жөн көріп, 
Қалтаң-құлтаң амалдар. 
Туысқанға кекшілі
Жас баладан бетерді,
Ойлау да жоқ, білу жоқ,
Келер менен кетерді.
Жақынға еріп, мал салмай, 
Жауды көріп, жан салмай, 
Қайдан ғана біледі
Ауыр менен жеңілдің 
Арасымен өтерді?
Жолдас аз боп сасқанда,
Әуел сонан естисің
“Ат үстінен көтерді”.
Ауыр жұмыс кез болса, 
Араздығы сөз болса,
Араз кісі болғансып,
Сылтау етер бекерді. 
Үйренбейді кісіден
Кіржіңдеп жүріп кекерді. 
Оңалып егер алдыңыз, 
Әржерден-ақ көбейер
Ажарлыңыз, малдыңыз. 
Пәленшені ұрам деп, 
Түгеншені қырам деп, 
Таршылықта қайраңдап, 
Кеңшілікте ойрандап,
Көп батырға қалдыңыз.
Егер тілін алсаңыз,
Бірі қалмас кісіден,
Егер тілін алмасаң,
Бықсып шірір ішінен.
Әркімде-ақ бар ғой туысқан, 
Қайсысы жауды қуысқан?
Күн жауғанда қойныңда,
Күн ашықта мойныңда — 
Арылмас міндет болған соң, 
Әркімнің көңлі суысқан. 
Жақсыға біткен ағайын
Өз үйінде кезексіз
Шешен келер сартылдап. 
Білетiн бiреу кез келсе,
Сөз таба алмас қалтылдап. 
Қалжыңға келер шорқақтау, 
Жауға келер қорқақтау,
Еркін жерде ызақор,
Томырық келер тарқылдап. 
Әдеппенен тамылжып,
Мінезі тәтті болмайды,
Сасық паңдау келеді,
Қырт мақтаншақ оңбайды,
Кісімсініп жалпылдап.
Біреуге өктем іс қылса,
Өз күшім деп ойлайды.
Егер күші жүрмесе,
Бағанағы жақсының
Қылғаны деп қоймайды.
Жат айбынар ісі жоқ,
Жау айдынар күші жоқ,
Өз еркіне жіберсең, 
Ешнәрсеге тоймайды. 
Қалжыңы теріс, сөзі—ұрыс,
Айтқан сөзге көнбейді,
Өз тентегін көрмейді,
Қазан бұзар бір қырыс. 
Сондай кесел туысқан
Қай жерінен болады
Көңілге медеу, ол тыныс? 
Жалығуды пәледен
Жұрт ұмытты біржола. 
Шыныменен тамам ел
Кете ме екен ит бола?
Ішкені мас, жеген тоқ,
Уайым айтар біреу жоқ,
Тым болмаса болмады
“Бұлт ала, жер шола”.
Келелі кеңес жоғалды,
Ел сыбырды қолға алды.
Ел ішінде бітімші
Түгел алып қайтпайды
Сұрай келген бір малды.
Ел жамаған билер жоқ,
Ел қыдырып сандалды. 
Астыртын барып жолығысқан, 
Ақша беріп жалғасқан, 
Ақысын әрең, сол алды.
Орыс сыяз қылдырса,
Болыс елін қармайды.
Қу старшын, аш билер
Аз жүрегін жалғайды.
Орыссыз жерде топ болса,
Шақырған кісі бармайды.
Бітім қылып бір кісі
Адал малын алмайды.
Қызығы кеткен ел бағып,
Қисыны кеткен сөз бағып,
Ендігі атқа мінгендер
Күнде ертеңге талмайды.
Бас қосылса арысқа,
Кім шабады намысқа.
Жатқа қарар беті жоқ,
Жалынбай тұрар к... жоқ,
Ісі кетер шалысқа.
Ел бүлігі Тобықты
Көп пысыққа молықты. 
Малдының малын көре алмай, 
Борышын түгел бере алмай, 
Көрінгенге обықты.
Қазақтың, малын сапырып,
Көп бәлеге шатылып, 
Кесепатқа жолықты.
Өзінен шыққан жақсылар
Түзей алмай зорықты.
Бөтен елдің адамы
Тынбаған соң арамы,
Көңілі әбден торықты. 
Сәудегер қашты бұл елден, 
Несиесін жия алмай. 
Бұралқылар сандалды, 
Жуандарға сия алмай. 
Сыйымсыз болды алашқа, 
Барымтасын тыя алмай. 
Нанымы жоқ, анты бар,
Ел нұсқасы кетті ғой,
Елмін деген салты бар.
Әлі күнге уайым
Қылған жан жоқ ұялмай.

Домбыраға қол соқпа
Домбыраға қол соқпа
Шымырлатып бір-бірлеп.
Жүрегім, соқпа, кел тоқта,
Жас келер көзге жүр-жүрлеп.
Қайғылы көңілім қайдағы
Бұрынғымды жаңғыртар.
Қайратты алып бойдағы,
Басымды қайғы қаңғыртар.
Онан да жылы жүзіңмен
Кел, жарым, қара бетіме.
Жылы тәтті жауап айт
Іштегі қайғы дертіме.
Іштегі ескі жалынды
Сөндір жаңа қылықпен.
Сөйлесші жақсы, жағымды
Мендей көңілі сынықпен.
Сынық көңілім көп кешер,
Майда қолмен ұстаса.
Көңілге түрлі ой түсер,
Әр тереңге нұсқасаң.
Күйлі, күйсіз бәйгеге
Қажыды көңілім көп шауып.
Көп қинамай әрнеге,
Енді семірт жем тауып!


Есіңде бар ма жас күнің
Есіңде бар ма жас күнің,
Кімді көрсең — бәрі дос.
Махаббат, қызық, мал мен бақ,
Көрінуші еді досқа ортақ.
Үміт жақын, көңіл ақ,
Болар ма сондай қызық шақ?
Құдай-ау, қайда сол жылдар,
Махаббат, қызық мол жылдар?!
Ақырын, ақырын шегініп,
Алыстап кетті-ау құрғырлар.
Жалынасың, боқтайсың,
Сағынасың, жоқтайсың
Махаббат кетті, дос кетті,—
Жете алмайсың, тоқтайсың.
Көзіме жас бер, жылайын,
Шыдам бер, сабыр қылайын
Жаралы болған жүрекке
Дауа бер, жамап сынайын.

Жаздыкүн шілде болғанда
Жаздыкүн шілде болғанда,  
Көкорай шалғын, бәйшешек 
Ұзарып өсіп толғанда; 
Күркіреп жатқан өзенге 
Көшіп ауыл қонғанда:  
Шұрқырап жатқан жылқының  
Шалғыннан жоны қылтылдап, 
Ат, айғырлар, биелер 
Бүйірі шығып, ыңқылдап, 
Суда тұрып шыбындап, 
Құйрығымен шылпылдап,
Арасында құлын-тай 
Айнала шауып бұлтылдап, 
Жоғары-төмен үйрек, қаз 
Ұшып тұрса сымпылдап. 
Қыз-келіншек үй тігер, 
Бұрала басып былқылдап, 
Ақ білегін сыбанып, 
Әзілдесіп сыңқылдап. 
Мал ішінен айналып, 
Көңiлі жақсы жайланып,
Бай да келер ауылға, 
Аяңшылы жылпылдап. 
Сабадан қымыз құйдырып,
Ортасына қойдырып
Жасы үлкендер бір бөлек 
Әзілдесіп сылқылдап.
Жалшы алдаған жас бала 
Жағалайды шешесін:
Ет әпер деп қыңқылдап. 
Көлеңке қылып басына,
Кілем төсеп астына, 
Салтанатты байлардың 
Самаурыны бұрқылдап. 
Білімділер сөз айтса,
Бәйгі атындай аңқылдап, 
Өзгелер басын изейді,
Әрине деп мақұлдап.
Ақ көйлекті, таяқты
Ақсақал шығар бір шеттен: 
Малыңды әрі қайтар деп, 
Малшыларға қаңқылдап.
Бай байғұсым десін деп, 
Шақырып қымыз берсін деп, 
Жарамсақсып, жалпылдап. 
Шапандарын белденген,
Асау мініп теңселген, 
Жылқышылар кеп тұрса, 
Таңертеңмен салпылдап. 
Мылтық атқан, құс салған.
Жас бозбала бір бөлек
Су жағалап қутыңдап.
Қайырып салған көк құсы, 
Көтеріле бергенде,
Қаз сыпырса жарқылдап.  
Өткен күннің бәрі ұмыт,
Қолдан келер қайрат жоқ, 
Бағанағы байғұс шал
Ауылда тұрып күледі,
Қошемет қылып қарқылдап.


Жазғытұры
Жазғытұры қалмайды қыстың сызы,
Масатыдай құлпырар жердің жүзі.
Жан-жануар, адамзат анталаса,
Ата-анадай елжірер күннің көзі.
Жаздың көркі енеді жыл құсымен,
Жайраңдасып жас күлер құрбысымен.
Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал
Жалбаңдасар өзінің тұрғысымен.
Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,
Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып.
Шаруа қуған жастардың мойны босап.
Сыбырласып, сырласып, мауқын басып.
Түйе боздап, қой қоздап—қорада шу,
Көбелек пен құстар да сайда ду-ду.
Гүл мен ағаш майысып қарағанда,
Сыбдыр қағып, бұлаңдап ағады су.
Көл жағалай мамырлап қу менен қаз,
Жұмыртқа іздеп, жүгіріп балалар мәз.
Ұшқыр атпен зырлатып тастағанда,
Жарқ-жұрқ, етіп ілінер көк дауылпаз.
Құс қатарлап байлаған қанжығаға
Қыз бұраңдап жабысып, қылады наз.
Жазға жақсы киінер қыз-келіншек,
Жер жүзіне өң, берер гүл-бәйшешек.
Қырда торғай сайраса, сайда бұлбұл,
Тастағы үнін қосар байғыз, көкек.
Жаңа бұлмен жамырап саудагерлер,
Диханшылар жер жыртып, егін егер,
Шаруаның біреуі екеу болып,
Жаңа төлмен көбейіп дәулет өнер.
Безендіріп жер жүзін тәңірім шебер,
Мейірбандық, дүниеге нұрын төгер.
Анамыздай жер иіп емізгенде
Бейне әкеңдей үстіңе аспан төнер.
Жаз жіберіп, жан берген қара жерге
Рахметіне алланың көңіл сенер.
Мал семірер, ақ, пенен ас көбейер,
Адамзаттың көңілі өсіп көтерілер.
Қара тастан басқның бәрі жадырап,
Бір сараңнан басқаның бейлі енер,
Тамашалап қарасаң тәңірі ісіне,
Бойың балқып, ериді іште жігер.
Кемпір-шал шуақ іздеп, бала шулар,
Мал мазатсып, қуанып, аунап-қунап.
Жыршы құстар әуеде өлең айтып,
Қиқу салар көлдегі қаз бен қулар.
Күн жоқта кісімсінер жұлдыз бен ай,
Ол қайтсін ќара түнде жарқылдамай,
Таң атқан соң шығарын күннің біліп,
Өңі қашар, бола алмас бұрынғыдай.
Күн— күйеуі, жер — қалыңдық сағынысты,
Құмары екеуінің сондай күшті.
Күн қырындай жүргенде көп қожандап,
Күйеу келді — ай, жұлдыз к.... қысты.
Ай, жұлдызға жылы жел хабар беріп,
Жан-жануар қуанар тойға елеріп.
Азалы ақ көрпесін сілке тастап.
Жер күлімдер, өңіне шырай беріп.
Күн күйеуін жер көксеп ала қыстай,
Біреуіне біреу қосылыспай,
Көңілі күн лебіне тойғаннан соң.
Жер толықсып, түрленер тоты құстай.
Адам тіктеп көре алмас күннің көзін,
Сүйіп, жылып тұрады жан лебізін.
Қызыл арай сары алтын шатырына
Күннің кешке кіргенін көрді көзім.

Жалын мен оттан жаралып
Жалын мен оттан жаралып,
Жарқылдап Рағит жайды айдар.
Жаңбыры жерге таралып,
Жасарып шығып гүл жайнар.
Жайына біреу келсе кез,
Белгілі жұмыс, сор қайнар.
Қуаты күшті нұрлы сөз,
Қуатын білген абайлар.
Жалын мен оттан жаралған
Сөзді ұғатын қайсың бар?
Партия жиып, пара алған,
Бейілді кедей байсыңдар.
Қулық пенен құбылдан
Жалықсаң, жақсы жансыңдар.
Түзелмесе шұғылдан,
Арсылдар да қалшылдар.
Несі өмір,
Несі жұрт?
Өңшең қырт,
Бас қаңғырт!


Жапырағы қуарған ескі үмітпен
Жапырағы қуарған ескі үмітпен
Қиял қып өмір сүріп, бос жүріппін.
Жыбыр қағып, көңілді тыншытпайды,
Қашанғы өтіп кеткен бұлдыр көп күн.
Ой, дәурен өмір емес, бір көрген тус,
Ойға тойма, қызықты қиялдан күс.
Қарашы, өз бойыңа түгел ме екен,
Ыстық жүрек, өң-шырай, қуат пен күш?
Төңкеріліп құбылған, жұрт— бір сағым,
Шынға шыңдап, қоса алмас ынтымағын.
Көптің аузын күзетсең, күн көрмейсің,
Өзіңді өзің күзет, кел, шырағым!


Жастықтың оты жалындап
Жастықтың оты жалындап.
Жас жүректе жанған шақ.
Талаптың аты арындап,
Әр қиынға салған шақ.
Уайым — аз, үміт — көп,
Ет ауырмас бейнетке,
Бүгін-ертең жетем деп
Көңілге алған дәулетке.
Қайратпен кіріп, жалынбай,
Ақылмен тауып айласын,
“Мен қалайға?” салынбай,
Жылы жүзбен жайнасын.
Қайратқа сеніп қақтықпай,
Жазасын тауып жауласар,
Қатынша тілмен шаптықпай,
Майданға шықса жарасар.
Жалыны қайтар дененің.
Үнемі тұрмас осы шақ.
Талайғы кәрі дүниенің,
Бір кетігін ұстап бақ.
Құйрығы шаян, беті адам,—
Байқамай сенбе құрбыға!
Жылмаңы сыртта, іші арам
Кез болар қайда сорлыға.
Достыққа достыққарыз іс.
Дұшпаныңа_әділ бол.
Асығыс түбі — өкініш,
Ойланып алмақ—сабыр сол.
Ақ көңілді жақсыдан,
Аянбай салыс ортаға.
Ақылы, ары тапшыдан,
Қу сөзін алма қолқаға.
Сұмсұрқия, қу заман,
Гүл көрінер жігітке —
Қызықты өмір жайнаған,
Кеудесі толып үмітке.
Бір нәрсені ұнатса,
Қайта ойланып ќарамас.
Мақтанып жұртты шулатса,
Құмары сол ќызба бас.
Сенісерге келгенде,
Сене берер талғамай,
Жұрты құрғыр сенгішке
Тұра ма қулық жалғамай?
Ары кеткен алдағыш.
Мені-ақ алда, сөкпейін,
Балы тамған жас қамыс
Ормасаңшы көктейін
Сені жақсы көрмесе,
Сенер ме еді сөзіңе?
“Япырмай?..” деп терлесе,
Ар емес пе өзіне?


Жасымда ғылым бар деп ескермедім
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ержеткен соң түспеді уысыма, 
Қолымды мезгілінен кеш сермедім. 
Бұл махрұм қалмағыма кім жазалы, 
Қолымды дәп сермесем, өстер ме едім? 
Адамның бір қызығы бала деген, 
Баланы оқытуды жек көрмедім. 
Баламды медресеге біл деп бердім, 
Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім, 
Өзім де басқа шауып, төске өрледім, 
Қазаққа қара сөзге дес бермедім. 
Еңбегіңді білерлік еш адам жоқ, 
Түбінде тыныш жүргенді теріс көрмедім.

Желсіз түнде жарық ай
Желсіз түнде жарық ай,
Сәулесі суда дірілдеп. 
Ауылдың, жаны — терең сай, 
Тасыған өзен күрілдеп.
Қалың ағаш жапырағы 
Сыбырласып өзді-өзі. 
Көрінбей жердің топырағы, 
Құлпырған жасыл жер жүзі.
Тау жаңғырығып, ән қосып 
Үрген ит пен айтаққа. 
Келмеп пе едің жол тосып 
Жолығуға аулаққа?
Таймаңдамай тамылжып, 
Бір суынып, бір ысып, 
Дем ала алмай дамыл қып, 
Елең қағып, бос шошып.
Сөз айта алмай бөгелiп 
Дүрсіл қағып жүрегі, 
Тұрмап па еді сүйеніп, 
Тамаққа кіріп иегі.


Жылуы жоқ бойының
Жылуы жоқ бойының,
Жылмиғаны неткені?
Құбылуы ойының—
Кетпей құйтың еткені.
Мұңды, жылмаң пішінін
Кезек киіп, ел жиып
Болыс болса, түсінің,
Түксігін салар тырсиып.
Бір көрмеге тәп-тәтті
Қазаны мен қалбаңы.
Дөң айналмай ант атты,
Бүксіп, бықсып ар жағы.
Сенен аяр түгі жоқ,
Бүгін сыйлас көрініп.
Бүгін жалын, ертең шоқ,
Сөзі мен өзі бөлініп.
Әлі үміт, әлі серт,
Жын сықылды бұзылып.
Қулық емес, бұл бір дерт,
Тұрлауы жоқ құбылып.


Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат
Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат,
Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат. 
Арзан, жалған күлмейтін, шын күлерлік 
Ер табылса, жарайды қылса сұхбат.
Кейбіреу тыңдар үйден шыққанынша, 
Кейбіреу қояр құлақ ұққанынша. 
Сөз мәнісін білерлік кейбіреу бар, 
Абайлар әрбір сөзді өз халынша.
Шын көңілмен сүйсе екен, кімді сүйсе, 
Бір сөзімен тұрса екен, жанса-күйсе. 
Қырмызы, қызыл жібек бозбалалар 
Оңғақ бұлдай былғайды, бір дым тисе.
Керек іс бозбалаға — талаптылық, 
Әртүрлі өнер, мінез, жақсы қылық. 
Кейбір жігіт жүреді мақтан көйлеп, 
Сыртқа пысық келеді, көзге сынық.
Кемді күн қызық дәурен тату өткіз, 
Жетпесе, біріңдікін бірің жеткіз! 
Күншіліксіз тату бол шын көңілмен, 
Қиянатшыл болмақты естен кеткіз!
Бір жерде бірге жүрсең басың қосып,
Біріңнің бірің сөйле сөзің тосып.
Біріңді бірің ғиззәт*, құрмет етіс,
Тұрғандай бейне қорқып, жаның шошып. 
Жолдастық, сұхбаттастық — бір үлкен іс,
Оның қадiрін жетесіз адам білмес.
Сүйікті ер білген сырын сыртқа жаймас,
Артыңнан бір ауыз сөз айтып күлмес. 
Күйлеме жігітпін деп үнемі ойнас,
Салынсаң, салдуарлық қадір қоймас.
Ер жігіт таңдап тауып, еппен жүрсін,
Төбетке өлекшіннің* бәрі бір бас. 
Біреуді көркі бар деп жақсы көрме,
Лапылдақ көрсе қызар нәпсіге ерме!
Әйел жақсы болмайды көркіменен,
Мінезіне көз жетпей, көңіл берме! 
Көп жүрмес, жеңсікқойлық тез-ақ тозар,
Жаңғырар жеңсік құмар жатқа қозар.
Күнде көрген бір беттен көңіл қайтып,
Қылт еткізбес қылықты, тамыршы озар. 
Толқынын жүрегіңнің хаттай таныр,
Бүлк еткізбес қалайша соқса тамыр.
Жар көңiліне бір жанын пида қылып,
Білместігің бар болса, қылар сабыр. 
Шу дегенде көрінер сұлу артық,
Көбі көпшіл келеді ондай қаншық.
Бетім барда, бетіме кім шыдар деп,
Кімі паңдау келеді, кімі тантық. 
Ақыл керек, іс керек, мінез керек, 
Ер ұялар іс қылмас, болса зерек. 
Салақ, олақ, ойнасшы, керім-кербез, 
Жыртаң-тыртаң қызылдан шығады ерек.
Қатының сені сүйсе, сен де оны сүй, 
Қоржаң суық келеді кей сасық ми. 
Ері ақылды, қатыны мінезді боп, 
Тату болса, райыс* үстіндегі үй.
Жоқ, болса қатыныңның жат өсегі,  
Болмаса мінезінің еш кесегі, 
Майысқан бейне гүлдей, толықсыған, 
Кем емес алтын тақтан жар төсегі.
Жасаулы деп, малды деп байдан алма, 
Кедей қызы арзан деп құмарланба. 
Ары бар, ақылы бар, ұяты бар 
Ата-ананың қызынан ғапыл қалма.
Үйіңе тату құрбың келсе кіріп, 
Сазданба сен қабақпен имендіріп. 
Ері сүйген кісіні ол да сүйіп, 
Қызмет қылсын көңілі таза жүріп.
Құрбыңның тәуір болсын өз мінезі, 
Абыройлы қалжыңмен келсін сөзі. 
Сен оған мойын бұрып сөз айтқанда, 
Қатыныңда болмасын оның көзі.
Кей құрбы бүгін тату, ертең бату, 
Тілеуі, жақындығы — бәрі сату. 
Көкірегінде қаяу жоқ, қиянат жоқ, 
Қажымас, қайта айнымас қайран тату!
Пайда деп, мал деп туар ендігі жас, 
Еңбекпен терін сатып түзден жимас. 
Меліш* сауда сықылды күлкі сатып, 
Алса қоймас, араны тағы тоймас.
Асық ұтыс сықылды алыс-беріс — 
Тірі жанның қылғаны бүгін тегіс:
Бірі көйтке* таласып, бірі арам қып,
Төбелескен, дауласқан жанжал-керіс. 
Жас бала әуел тату бола қалар,
Ата-анадан жақын боп, ертіп алар. 
Бірін бірі құшақтап шуылдасып, 
Ойын тарқар кезінде ұрыс салар.
Біреуі жылап барса үйге таман, 
Ата-анасы бұрқылдар онан жаман. 
Татулығы құрысын ойыны мен, 
Дәл соларға ұқсайды мына заман.
Жаман тату қазады өзіңе ор, 
Оған сенсең, бір күні боларсың қор. 
Ары бар, ұяты бар үлкенге сен, 
Өзі зордың болады ығы да зор.
Қазақтың қайсысының бар санасы? 
Қылт етерде дап-дайын бір жаласы. 
Пысықтықтың белгісі — арыз беру,
Жоқ тұрса бес бересі, алты аласы


Жүрегім, нені сезесің
Жүрегім, нені сезесің,
Сенен басқа жан жоқ па?
Дүниені, көңілім, кезесің,
Тиянақ жоқ па, қой, тоқта! 
Сезгеніңді сездіріп,
Жете алмадың ортаққа.
Тірі жаннан бездіріп,
Апарасың қай жаққа?
Ортақтық, тыныштық достық, қой,
Оның қадірін кім білер?
Әркімге-ақ тілеу қостық қой,
Бәрі алдамшы саудагер.
Халықтың аты керек қой,
Я мақтауға, боқтауға.
Құбылға бәрі зерек қой,
Бәрі жайсыз тоқтауға.
Досты қайдан табарсың,
Кеңесерге адам жоқ.
Әрлі-берлі табарсың,
Жалғыздықтан жаман жоқ.
Ақыл айтсаң біреуге,
Ішің еріп, егіліп,
Ұялмас ақы тілеуге,
Бермесең қалар түңіліп.
Ақы беріп тыңдатқан -
Сөз көкейге қонар ма?
Құлағын сатқан тәңірі атқан
Оңдырар ма, оңар ма?
Күйесің, жүрек, күйесің,
Күйгеніңнен не пайда?
Дүниеде нені сүйесің
Өмір қайда, дос қайда?


Жүректе қайрат болмаса
Жүректе қайрат болмаса
Ұйықтаған ойды кім-түртпек?
Ақылға сәуле қонбаса,
Қайуанша жүріп күнелтпек.
Аспаса ақыл қайраттан,
Тереңге бармас, үстірттер.
Қартыңның ойы шар тартқан,
Әдеті жеңіп күңгірттер.
Тән сүйгенін бермесе,
Жан шыдамас жаны ашып,
Бере берсең бер десе,
Үміт етер таласып.
Малда да бар жан мен тән,
Ақыл, сезім болмаса.
Тіршіліктің несі сән,
Тереңге бет қоймаса?
Атымды адам қойған соң,
Қайтіп надан болайын?
Халқым надан болған соң,
Қайда барып оңайын?!


Жүрек - теңіз, қызықтың бәрі - асыл тас
Жүрек— теңіз, қызықтың бәрі — асыл тас,
Сол қызықсыз өмірде жүрек қалмас.
Жүректен қызу-қызба кете қалса,
Өзге тәннен еш қызық, іс табылмас.
Достық, қастық, бар қызық—жүрек ісі,
Ар, ұяттың бір ақыл — күзетшісі.
Ар мен ұят сынбаса, өзге қылық.
Арын, алқын — бұл күннің мәртебесі.
Қартаң тартқан адамнан от азаймақ,
От азайса, әр істің бүрі тайғақ.
Шаруаң үшін көрінген ақыл айтып,
Жолың тайғақ, аяғың тартар маймақ.


Көзімнің, қарасы
Көзімнің, қарасы,
Көңілімнің санасы.
Бітпейді ішімде
Ғашықтың жарасы.
Қазақтың данасы,
Жасы үлкен ағасы
Бар демес сендей бір
Адамның баласы.
Жылайын, жырлайын
Ағызып көз майын
Айтуға келгенде
Қалқама сөз дайын.
Жүректен қозғайын,
Әдептен озбайын,
Өзі де білмей ме,
Көп сөйлеп созбайын?
Тереңдеп қарайсың.
Телміріп тұрмайсың.
Бихабар жүргенсіп,
Бек қатты сынайсың.
Сен кісі мұңайсын,
Сабырмен шыдайсың,
Күйемін, жанамын,
Еш рахым қылмайсың. 
Кең маңдай, қалың шаш
Я бір кез, я құлаш.
Ақ тамақ, қызыл жүз
Қарағым, бетіңді аш!
Қара көз, имек қас,
Қараса жан тоймас.
Аузың бал қызыл гүл,
Ақ тісің кір шалмас.
Қыр мұрын, қыпша бел.
Солқылдар, соқса жел.
Ақ етің үлбіреп
Өзгеше біткен гүл.
Қарағым, бермен кел.
Бізге де көңілің бөл.
Қалқамның нұсқасын
Көр, көзім, бір кенел.
Қайғың — қыс, жүзің — жаз,
Боламын көрсем мәз.
Күлкіңіз бойды алар,
Бұл бұлдай шықса әуез.
Кісімсіп дүрдараз,
Бұраңдап қылма наз.
Мал түгіл басымды,
Жолыңа бесем де аз.
Иісің, гүл аңқыған.
Нұрың күн шалқыған.
Көргенде бой еріп,
Сүйегім балқыған.
Қаяусыз қалпынан,
Өзі артық даңқыңнан,
Қызыл тіл шыға алмас
Мақтаудың шартынан.
Сенсің — жан ләззәті,
Сенсің—тән шәрбәті,
Сұлуды сүймектік —
Пайғамбар сүндеті.
Не десем болар еп?
Ғашығың да қайғы жеп,
Өртенген жүрекке
Бір көрген болар сеп. 
Біздердей ғашық көп,
Қайсысы саған дөп?
Жөндеп те айтпадым,
Жүрегім лүпілдеп.
Назына кім шыдар?
Бұраңдап жүр шығар.
Қасқая күлгені
Қылады тым құмар.
Ер емес қымсынар,
Әркім-ау, ұмсынар.
Құдай-ау, бұл көңілім
Күн бар ма бір тынар?

Көк ала бұлт сөгіліп
Көк ала бұлт сөгіліп,
Күн жауады кей шақта.
Өне бойың егіліп,
Жас ағады аулақта.
Жауған күнмен жаңғырып,
Жер көтеріп күш алар.
Аққан жасқа қаңғырып,
Бас ауырып, іш жанар.


Көк тұман—алдыңдағы келер заман
Көк тұман—алдыңдағы келер заман,
Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған.
Көп жылдар көп күнді айдап келе жатыр,
Сипат жоқ, сурет те жоқ, көзім талған.
Ол күндер — өткен күнмен бәрі бір бәс,
Келер, кетер, артына түк қалдырмас.
Соның бірі — арнаулы таусыншық күн,
Арғысын бір-ақ алла біледі рас. 
Ақыл мен жан — мен өзім, тән — менікі,
“Мені” мен “менікінің” мағнасы — екі.
“Мен” өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,
“Менікі” өлсе өлсін, оған бекі.
Шырақтар, ынталардың “менікі” де,
Тән құмарын іздейсің күні-түнде.
Әділеттік, арлылық, махаббат пен—
Үй жолдасың қабірден әрі өткенде.
Малға сат, пайдаға сат қылығыңды,
Ылайла ылай оймен тұнығыңды,
Сонда өмірден алдамшы бола алмассың,
Ол білдірмей ұрламақ қызығыңды.
Адам ғапыл дүниені дер менікі,
Менікі деп жүргеннің бәрі оныкі.
Тән қалып, мал да қалып, жан кеткенде,
Сонда ойла, болады не сенікі?
Мазлұмға жаның ашып, ішің күйсін,
Харекет қыл, пайдасы көпке тисін.
Көптің қамын әуелден тәңірі ойлаған,
Мен сүйгенді сүйді деп иең сүйсін.
Көптің бәрі көп деме, көп те бөлек,
Көп ит жеңіп көк итті күнде жемек,
Ғадәләт пен мархамат—көп азығы,
Қайда көрсең, болып бақ соған көмек.
Әркімнің мақсаты өз керегінде,
Біле алмадым пысығын, зерегін де.
Саяз жүзер сайқалдар ғапыл қалар,
Хақиқат та, дін-дағы тереңінде.




Көлеңке басын ұзартып
Көлеңке басын ұзартып
Алысты көзден жасырса
Күнді уақыт қызартып,
Көкжиектен асырса;
Күңгірт көңілім сырласар
Сұрғылт тартқан бейуаққа,
Төмен қарап мұңдасар,
Ой жіберіп әр жаққа.
Өткен өмір — қу соқпақ,
Қыдырады талайды.
Кім алдады, кім таппақ
Салды, соны санайды.
Нені тапсаң, оны тап,
Жарамайды керекке.
Өңкей уды жиып ап,
Себеді сорлы жүрекке.
Адасқан күшік секілді
Ұлып жұртқа қайтқан ой,
Өкінді, жолың бекінді,
Әуре болма, оны қой.
Ермен шықты, ит қылып,
Бидай шашқан егінге.
Жай жүргенді уерд қылып,
Тыныш өлсеңші тегінде.


Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да
Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да,
Алдамаған кім қалды тірі жанда. 
Алыс-жақын қазақтың бәрін көрдім, 
Жалғыз-жарым болмаса анда-санда.
Пайда үшін біреу жолдас бүгін таңда, 
Ол тұрмас бастан жыға қисайғанда. 
Мұнан менің, қай жерім аяулы деп, 
Бірге тұрып қалады кім майданда?
Ендігі жұрттың сөзі — ұрлық-қарлық, 
Саналы жан көрмедім сөзді ұғарлық. 
Осы күнде, осы елде дәнеме жоқ 
Мейір қанып, мәз болып қуанарлық.
Байлар да мал қызығын біле алмай жүр, 
Жаз жіберіп, күз атын міне алмай жүр. 
Сабылтып күнде ұрлатып, із жоғалтып, 
Ызаменен ыржиып күле алмай жүр.
Саудагер тыныштық сауда қыла алмай жүр, 
Қолдан беріп, қор болып, ала алмай жүр.
Ел аулақта күш айтқан, топта танған,
Арсыз жұрттан көңілі тына алмай жүр.
Естілер де ісіне қуанбай жүр, 
Ел азды деп надандар мұңаймай жүр. 
Ала жылан, аш бақа күпілдектер 
Кісі екен деп үлкеннен ұялмай жүр.
Бектікте біреу бектеп тұра алмай жүр, 
О дағы ұры-қарды қыра алмай жүр. 
Қарсылық күнде қылған телі-тентек, 
Жаза тартып ешбірі сұралмай жүр.
Қарындас қара жерге тыға алмай жүр, 
Бірінің бірі сөзін құп алмай жүр. 
Құда-тамыр, дос-жарың, қатын-балаң — 
Олар да бір қалыпты бола алмай жүр.
Бір күшті көп тентекті жыға алмай жүр, 
Іште жалын дерт болып, шыға алмай жүр, 
Арақ ішкен, мас болған жұрттың бәрі, 
Не пайда, не залалды біле алмай жүр.
Жетілтіп жаз жайлауға қона алмай жүр, 
Күз күзеуде жанжалсыз бола алмай жүр. 
Қыс қыстауың — қып-қызыл ол бір пәле, 
Оралып ешбір шаруа оңалмай жүр.
Жасы кіші үлкеннен ұялмай жүр, 
Сұрамсақтар нәпсісін тия алмай жүр. 
Сәлем борыш, сөз қулық болғаннан соң, 
Қандай жан сырттан сөз боп,сыналмай жүр?

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін
Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,  
Жоқ-барды, ертегіні термек үшін. 
Көкірегі сезімді, тілі орамды 
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.
Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар, 
Көңлінің көзі ашық, сергегі үшін.
Түзу кел, қисық-қыңыр, қырын келмей, 
Сыртын танып іс бітпес, сырын көрмей. 
Шу дегенде құлағың тосаңсыйды, 
Өскен соң мұндай сөзді бұрын көрмей. 
Таң қаламын алдыңғы айтқанды ұқпай, 
Және айта бер дейді жұрт тыным бермей
Сөз айттым “әзрет Әлі, айдаћар”сыз, 
Мұнда жоқ “алтын иек, сары-ала қыз”. 
Кәрілікті жамандап, өлім тілеп, 
Болсын деген жерім жоқ жігіт арсыз. 
Әсіре қызыл емес деп, жиренбеңіз,
Түбі терең, сөз артық, бір байқарсыз.  
Батырдан барымташы туар даңғой, 
Қызшыл да, қызықшыл да әуре жан ғой. 
Арсыз, малсыз, ақылсыз, шаруасыз,
Елірмелі маскүнем байқалған ғой. 
Бес-алты мисыз бәңгі күлсе мәз боп, 
Қиналмай, қызыл тілім, кел тілді ал,қой!
Өлеңі бар өнерлі інім, сізге 
Жалынамын, мұндай сөз айтпа бізге. 
Өзге түгіл өзіңе пайдасы жоқ, 
Есіл өнер қор болып кетер түзге, 
Сәнқой, даңғой, ойнасшы, керім-кербез 
Қанша қызық болады өзіңізге?


Ойға түстім,толғандым
Ойға түстім,толғандым.
Өз мінімді қолға алдым.
Мінезіме көз салдым,
Тексеруге ойландым.
Өзіме өзім жақпадым,
Енді қайда сыя алдым?
Қалап алған көп мінез.
Қалайша қылып тыя алдым?
Бойдағы мінді санасам,
Тау тасынан аз емес.
Жүрегімді байқасам,
Инедейін таза емес.
Аршып алып тастауға,
Апандағы саз емес.
Бәрі болды өзімнен,
Тәңірім салған наз емес.
Осынша ақымақ болғаным
Көрінгенге қызықтым.
Ғаділетті жүректің
Әділетін бұзыппын.
Ақыл менен білімнен
Әбден үміт үзіппін;
Айла менен амалды
Меруерттей тізіппін;
Жалмауыздай жалаңдап,
Ар, ұяттан күсіппін,
Қулық пенен сұмдыққа
Құладындай ұшыппын;
“Сіз білесіз” дегенде
Күнге күйіп, пісіппін;
Мақтанбасқа мақтанып.
Деп жүріппін “пысықпын”.


Патша құдай, сыйындым
Патша құдай, сыйындым
Тура баста өзіңе.
Жау жағадан алғанда, 
Жан көрінбес көзіме. 
Арғын, Найман жиылса, 
Таңырқаған сөзіме. 
Қайран сөзім қор болды, 
Тобықтының езіне.
Самородный сары алтын, 
Саудасыз берсең,алмайды 
Саудыраған жезіне. 
Саудырсыз сары қамқаны 
Садаға кеткір сұрайды 
Самарқанның бөзіне. 
Кеселді түйін шешілсе, 
Кердең мойын кесілсе, 
Келмей кетпес кезіне. 
Ол да — құдай пендесі, 
Түспей кетер деймісің, 
Тәңiрінің, құрған тезіне?


Сабырсыз, арсыз,еріншек
Сабырсыз, арсыз,еріншек,  
Көрсе қызар, жалмауыз, 
Сорлы қазақ сол үшін,
Алты бақан алауыз.
Өзін-өзі күндейді,
Жақынын жалған міндейді
 Ол — арсыздық белгісі. 
Ұятсынбай, ойланбай,
Қой дегенге тіл алмай,
Iс қылмай ма үлгісі?
Бір-ақ секіріп шығам деп, 
Бір-ақ қарғып түсем деп, 
Мертігеді, жатады. 
Ұрлықпен мал табам деп 
Егессе ауыл шабам деп, 
Сүйтіп құдай атады.
Бұл нең десе, біреуге
Жоқ нәрсені шатады. 
Құтылам деп ісінен,
Бәрін көріп кісіден,
Шығынға әбден батады.
Бұл болмаса онысы, 
Аударылып қонысы,
 Алыстан дәм татады
Қызмет қылып мал таппай,
 Ғылым оқып ой таппай,
Құр үйінде жатады.
Ел қыдырып ас ішіп,
Еркек арын сатады.
Бала-шаға, ұрғашы
Үйде жарап қатады.
Еңбегі жоқ еркесіп,
Бір шолақпен серкесіп,
Пысық деген ант шықты.
Бір сөз үшін жау болып,
Бір күн үшін дос болып,
Жүз құбылған салт шықты. 
Пысық кім деп сұрасаң — 
Қалаға шапса дем алмай,
Өтірік арыз көп берсе, 
Көргендерден ұялмай. 
Сыбырдан басқа сыры жоқ, 
Шаруаға қыры жоқ,
Өтірік, өсек, мақтанға
Ағып тұрса бейне су.
Ат-шапаннан кем көрмес,
Біреу атын қойса “қу”.
Қу нәпсісін тыя алмай,
Атым шығып жүрсін деп, 
Берекеге қас болса,
Желіктірген айтаққа,
Арақ ішпей мас болса.
Ел тыныш болса азады,
Ерігіп өле жазады.
Үйде отырса салбырап,
Түзге шықса албырап,
Кісіні көрсе қылжаңдап, 
Қалжыңшылсып ыржаңдап.
Өз үйінде қипаңдап,
Кісі үйінде күй таңдап,
Ақылы бар кісіні
Айбаттайды, даттайды.
Ауқаты бар туғанды 
Қайырсыз ит деп жаттайды. 
Мал мен бақтың дұшпаны, 
Кеселді пысық көбейді, 
Күшік иттей үріп жүр, 
Кісіден кеммін демейді. 
Қу тілменен құтыртып, 
Кетер бір күн отыртып, 
Қызмет қылған кісісін 
Құрытуға таяйды. 
Қылып жүрген өнері: 
Харекеті — әрекет. 
Өзі оңбаған антұрған 
Кімге ойлайды берекет? 
Кімді ұялып аяйды? 
Расы жоқ сөзінің, 
Ырысы жоқ өзінің, 
Өңкей жалған мақтанмен 
Шынның бетін бояйды. 
Бұл сөзімде жалған жоқ, 
Айтылмай сөз қалған жоқ, 
Абайлаңыз, байқаңыз — 
Елдің жайы солайды.


Сегіз аяқ
Алыстан сермеп, 
Жүректен тербеп,
                Шымырлап бойға жайылған;
Қиуадан шауып,
Қисынын тауып,
                Тағыны жетіп қайырған,
                        Толғауы тоқсан қызыл тіл, 
                        Сөйлеймін десең, өзің біл.
Өткірдің жүзі, 
Кестенің бізі
Өрнегін сендей сала алмас. 
Білгенге маржан, 
Білмеске арзан,
                Надандар бәћра ала алмас.
                        Қиналма бекер, тіл мен жақ, 
                        Көңілсіз құлақ — ойға олақ.
Басында ми жоқ, 
Өзінде ой жоқ
Күлкішіл кердең наданның. 
Көп айтса көнді, 
Жұрт айтса болды —
Әдеті надан адамның. 
Бойда қайрат, ойда көз 
Болмаған соң, айтпа сөз.
Қайнайды қаның, 
Ашиды жаның,
Мінездерін көргенде; 
Жігерлен, сілкін, 
Қайраттан, беркін
                    Деп насиқат бергенде,
                            Ұятсыз, арсыз салтынан 
                            Қалғып кетер артынан.
Аулаққа шықпай, 
Сыбырлап бұқпай,
Мейірленбес еш сөзге. 
Пайдасыз ақыл — 
Байлаусыз тақыл,
                    Атадан бала ойы өзге.
                            Санасыз, ойсыз жарым ес, 
                            Өз ойында ар емес.
Тасыса өсек, 
Ысқыртса кесек,
Құмардан әбден шыққаны. 
Күпілдек мақтан,
Табытын қаққан
                                Аңдығаны, баққаны. 
                                Ынсап, ұят, терең ой 
                                Ойлаған жан жоқ, жауып қой.
Болмасын кекшіл, 
Болсайшы көпшіл,
Жан аямай кәсіп қыл. 
Орынсыз ыржаң, 
Болымсыз қылжаң
                                Бола ма дәулет, нәсіп, бұл? 
                                Еңбек қылсаң ерінбей — 
                                Тояды қарның тіленбей.
Егіннің ебін,
Сауданың тегін
Үйреніп, ойлап, мал ізде. 
Адал бол — бай тап,
Адам бол — мал тап,
                                Қуансаң қуан сол кезде. 
                                Біріңді, қазақ, бірің дос 
                                Көрмесең, істің бәрі бос.
Малыңды жауға, 
Басыңды дауға
                        Қор қылма, қорға, татулас.
Өтірік, ұрлық,
Үкімет зорлық
                                Құрысын, көзің ашылмас. 
                                Ұятың, арың оянсын, 
                                Бұл сөзімді ойлансын.
Тамағы тоқтық, 
Жұмысы жоқтық
                        Аздырар адам баласын.
Таласып босқа,
Жау болып досқа,
                                Қор болып, құрып барасың. 
                                Өтірік шағым толды ғой, 
                                Өкінер уақтың болды ғой.
Жұмыссыз сандал, 
Еріксіз малды ал
Деген кім бар сендерге, 
Қулықты көргіш, 
Сұмдықты білгіш
                                Табылар кісі жөндерге. 
                                Үш-төрт жылғы әдетің 
                                Өзіңе болар жендетің.
Ауырмай тәнім, 
Ауырды жаным,
Қаңғыртты, қысты басымды, 
Тарылды көкірек, 
Қысылды жүрек,
                        Ағызды сығып жасымды.
                                Сүйеніп күлкі, тоқтыққа, 
                                Тартыпты өнер жоқтыққа.
Қайратым мәлім, — 
Келмейді әлім,
Мақсат — алыс, өмір — шақ. 
Өткен соң, базар, 
Қайтқан соң ажар,
                        Не болады құр қожақ?!
                                Кеш деп қайтар жол емес, 
                                Жол азығым мал емес.
Бір кісі мыңға, 
Жүз кісі сұмға
Әлі жетер заман жоқ.
Қадірлі басым, 
Қайратты жасым
                                Айғаймен өтті, амал жоқ. 
                                Болмасқа болып қара тер, 
                                Қорлықпен өткен қу өмір.
Сөзуар білгің
Законшік, көргіш
Атанбақ мақсат,мақтанбақ. 
Жасқанып, қорқып, 
Жорғалап, жортып
                        Именсе елің, баптанбақ.
                                Қарғағанын жер қылмақ. 
                                Алқағанын зор қылмақ.
Хош, қорықты елің, 
Қорқытқан сенің
Өнерің қайсы, айтып бер. 
Ел аңдып сені, 
Сен аңдып оны,
                                Қылт еткізбей бағып көр. 
                                Ойнасшы қатын болса қар, 
                                Аңдыған ерде қала ма ар?
Көмексіз көзің, 
Бір жалғыз өзің
Баға алмай басың сандалар.
Баурыңа тартқан, 
Сырыңды айтқан
                                Сырласың сырт айналар. 
                                Ол қаны бұзық, ұры-қар 
                                Қапысын тауып сені алар.
Басы-көзі қан боп.
Арқа-басы шаң боп,
Және тұрып жылпылдап; 
Жығылып тұрып, 
Буыны құрып,
                        Тағы қуып салпылдап.
                                Абұйыр қайда, ар қайда?
                                Әз басыңа не пайда?
Ит үрсе, бала 
Таяғын ала,
Қуады итпен кектесіп. 
Ұрысқансып “ой” деп, 
“Ұят” деп, “қой” деп,
                                Үлкендер тияр “тек” десіп. 
                                Оны білсең, мұның не? 
                                Мен де ұят іс қылдым де.
Білгенге жол бос, 
Болсайшы қол бос
Талаптың дәмін татуға. 
Білмеген соқыр 
Қайғысыз отыр,
                                Тамағы тойса жатуға. 
                                Не ол емес, бұл емес, 
                                Менің де күнім — күн емес.
Ғылымды іздеп, 
Дүниені көздеп,
Екі жаққа үңілдім. 
Құлағын салмас,
Тіліңді алмас
                                Көп наданнан түңілдім. 
                                Екі кеме құйрығын 
                                Ұста, жетсін бұйрығың.
Жартасқа бардым, 
Күнде айғай салдым,
Онан да шықты жаңғырық. 
Есітіп үнін, 
Білсем деп жөнін,
                        Көп іздедім қаңғырып..
                                Баяғы жартас — бір жартас, 
                                Қаңқ етер, түкті байқамас.
                                Жаяуы қапты, 
                                Аттысы шапты,
Қайрылып сөзді кім ұқсын. 
Іште дерт қалың, 
Ауыздан жалын
                                Бұрқ етіп, көзден жас шықсын. 
                                Күйдірген соң шыдатпай,
                                Қоя ма екен жылатпай?
Мамықтан төсек, 
Тастай боп кесек,
Жанбасқа батар, ұйқы жоқ. 
Сыбыр боп сөзі, 
Мәз болып өзі,
                                Ойланар елдің, сиқы жоқ. 
                                Баяғы қулық, бір алдау, 
                                Қысылған жерде жанжал-дау.
Атадан алтау, 
Анадан төртеу,
Жалғыздық көрер жерім жоқ. 
Ағайын бек көп, 
Айтамын ептеп,
                                Сөзімді ұғар елім жоқ. 
                                Моласындай бақсының 
                                Жалғыз қалдым — тап шыным!

Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап
Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен өзіңді алып шығар
Еңбегің мен ақылың екі жақтап. 
Өзіңді сенгіштікпен әуре етпе,
Құмарпаз боп мақтанды қуып кетпе.
Жұртпен бірге өзіңді қоса алдасып,
Салпылдап сағым қуған бойыңа еп пе?
Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме,
Қызық келсе, қызықпа, оңғаққа ерме.
Жүрегіңе сүңгі де,түбін көзде,
Сонан тапқан-шын асыл тастай көрме.

Сен мені не етесің
Сен мені не етесің?
Мені тастап, 
Өнер бастап 
Жайыңа 
Және алдап, 
Арбап,
Өз бетіңмен сен кетесің. 
Неге әуре етесің? 
Қосылыспай, 
Басылыспай, 
Байыңа
Және жаттан 
Бай тап
Өмір бойы қор өтесің.
Ет жүрек өртенді,
От боп жанып,
Жалын шалып iшіме.
Иттей қормын,
Зармын,
Сен үздің ғой бұл желкемді. 
Кім білер ертеңді? 
Өлім айтпас,
Келсе қайтпас 
Кісіге. 
Бүгінгі күн 
Бармын,
Жолдас еттің сен бөтенді.
Ғашықтық — қиын жол.
Жетсең — жеттің,
Жетпей өттің,
Не болды?
Арманда өмір
Өтті,
Ойлар ма екен бір, мені сол? 
Салдырап аяқ-қол, 
Жетпей сертке, 
Ішім дертке 
Тез толды. 
Ажал уақыты 
Жетті,
Мен өлейін, сен сау-ақ бол.
Шын жүрек — бір жүрек,
Қайта толқып,
Жолдан қорқып
Айнымас,
Шегінісіп
Қайтпас,
Өлсе бір сөзбен, не керек? 
Білесің, сен зерек, 
Мен пәндеңе 
Болды деме, 
Кел, қарас. 
Ешкім сөгіс 
Айтпас,
Рақым қылсаң, кел ертерек!
Шын ғашық мен саған! 
Кейіп жүрсем, 
Сені көрсем, 
Ләм-мим деп 
Бір сөз айтар
Хал жоқ,
Еріп кетер бой сол заман. 
Ойыңды сен маған 
Бір бөлмедің, 
Тез келмедің 
Мені іздеп. 
Ішіңде ыстық 
Қан жоқ,
Тас бауыр жар, бол қош аман!
Жар, сенің көңлің тоқ, 
Ақ етіңді, 
Нұр бетіңді 
Меншікті 
Қылмаған соң
Алла,
Өзі сорлы етсе, амал жоқ. 
Сен аттың жөнсіз оқ, 
Тәңрі — қазы 
Тас таразы, 
Тентекті  
Қалма,
Серт бұзғанның, біл, орны—шоқ.


Сәулең болса кеудеңде
Сәулең болса кеудеңде,
Мына сөзге көңлің бөл.
Егер сәулең болмаса, 
Мейлің тіріл, мейлің өл. 
Танымассың, көрмессің, 
Қаптаған соң көзді шел. 
Имамсыздық намазда — 
Қызылбастың салған жол. 
Көп шуылдық не табар, 
Билемесе бір кемел?
Берекелі болса ел — 
Жағасы жайлау ол бір көл. 
Жапырағы жайқалып, 
Бұлғақтайды соқса жел. 
Жан-жағынан күркіреп 
Құйып жатса аққан сел, 
Оның малы өзгеден 
Өзгеше боп өсер тел. 
Берекесі кеткен ел — 
Суы ашыған батпақ көл. 
Құс қаңқылдап, жағалап,
Сулай алмас жазғы төл.
Оның суын ішкен мал 
Тышқақ тиіп, аспас бел. 
Көл деп оны кім жайлар, 
Суы құрсын, ол — бір шөл.
Единица —жақсысы
Ерген елі бейне нөл.
Единица нөлсіз-ақ
Өз басындық болар сол.
Единица кеткенде,
Не болады өңкей нөл?
Берекеңді қашырма,
Ел тыныш болса, жақсы сол.
Рас сөзге таласып,
Ақжем болма, жаным, кел!

Тоты құс түсті көбелек
Тоты құс түсті көбелек
Жаз сайларда гулемек.
Бәйшешек солмақ, күйремек,
Көбелек өлмек сиремек. 
Адамзатқа не керек:
Сүймек, сезбек, кейімек,
Харакет қылмақ, жүгірмек,
Ақылмен ойлап сөйлемек.
Әркімді заман сүйремек,
Заманды қай жан билемек?
Заманға жаман күйлемек,
Замана оны илемек.

Туғызған ата, ана жоқ
Туғызған ата, ана жоқ
Туғызарлық бала жоқ.
Туысқан-туған, құрбылас,
Қызығымен және жоқ.
Толайын десе шара жоқ,
Толықсып жүрер шама жоқ.
Ұйқы мен астан дәм кетіп,
Сақалда, шашта қара жоқ.
Байбайшыл тартып, баға жоқ,
Жастарға жаппас жала жоқ.
Жат қораны күзеткен
Қартаң шалда сана жоқ.

Тұлпардан тұғыр озбас шабылса да
Тұлпардан тұғыр озбас шабылса да,
Оған да үкі, тұмар тағылса да.
Қыжыртпай мені сырттан жүре алмайды,
Кім желігіп, қай шеттен қағынса да.
Күшік ит бөрі ала ма жабылса да?
Тәңірі сақтар, табандап тап ұрса да
Арсыз адам, арсаңдап, арсылдайды.
Әржерде-ақ керегеге таңылса да.
Құтырды көпті қойып азғанасы,
Арызшы орыс — олардың олжаласы.
Бірде оны жарылқап, бірде мұны,
Қуды ұнатты-ау, Семейдің бұл қаласы.


Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ
Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ,  
Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ. 
Ауызомыртқа шығыңқы, майда жалды, 
Ой желке, үңiрейген болса сағақ.
Теке мұрын, салпы ерін, ұзын тісті, 
Қабырғалы, жоталы, болса күшті. 
Ойынды еті бөп-бөлек, омыраулы,
Тояттаған бүркіттей салқы төсті.
Жуан, тақыр бақайлы, жұмыр тұяқ, 
Шынтағы қабырғадан тұрса аулақ. 
Жерсоғарлы, сіңірлі, аяғы тік, 
Жаурыны етсіз, жалпақ тақтайдай-ақ.
Кең сауырлы, тар мықын, қалбағайлы, 
Алды-арты бірдей келсе ерге жайлы. 
Күлте құйрық, қыл түбі әлді келіп, 
Көтендігі шығыңқы, аламайлы.
Ұршығы төмен біткен, шақпақ етті, 
Өзі санды, дөңгелек келсе көтті. 
Сырты қысқа, бауыры жазық келіп, 
Арты талтақ, ұмасы үлпершекті.
Шідерлігі жуандау, бота тірсек,
Бейне жел,тынышты,екпінді мініп жүрсек. 
Екі көзін төңкеріп, қабырғалап,
Белдеуде тыныш тұрса, байлап көрсек.
Тығылмай әм сүрінбей жүрдек көсем 
Иек қағып, еліріп жүрсе әсем.
Шапса жүйрік, мінсе берік,жуан,жуас, 
Разы емен осындай ат мінбесем.
Аяңы тымақты алшы кигізгендей, 
Кісіні бұлбұл қағып жүргізгендей. 
Шапқан атқа жеткізбес бөкен желіс, 
Ыза қылдың қолыма бір тигізбей.

Ысытқан,суытқан
Ысытқан,суытқан
Бойыңды бір көңіл.
Дүниені ұмытқан
Құмарың тозар, біл.
Әуелгі кезіңде
Қайтпаған көңілдің,
Есептеп өзің де,
Түрінен өмірдің.
Бір жақсы күнім деп,
Қызықпен сөйлесіп,
Артынан “ол нем?” деп,
Ұялып кезнесіп.
Бір ақымақ әңгіме
Сықылды көрінер,
Онысын өңгеге
Айтуға ерінер.
Айтуға білсе, ерінбес,
Надандықпен жеңілмес.
Білген кісі айтса оған,
Надандығы кемімес.

Ішім өлген, сыртым сау
Ішім өлген, сыртым сау,
Көрінгенге деймін-ау: 
Бүгінгі дос — ертең жау, 
Мен не қылдым, япырм-ау?! 
Өз үйінде өзендей 
Күркірейді, айтса дау. 
Кісі алдына барғанда 
Шабан, шардақ және шау. 
Мұндай ма едің ана күн, 
Мұның қалай, батыр-ау? 
Үш күн арқаң босаса, 
Бола қалдың бас асау. 
Жан қысылса, жайтаңдап, 
Жанды еріткен жайдары-ау. 
Жан жай тапса, сен неге 
Жат мінезсің жабырқау? 
Ұрлық пенен қулыққа 
Байлағанда кестің бау. 
Берерменде бесеусің, 
Аларманда және алтау. 
Топ болғанда көресің

Ғашықтың тілі — тілсіз -тіл
Ғашықтың тілі — тілсіз -тіл,
Көзбен көр де, ішпен біл.
Сүйісер жастар қате етпес,
Мейлің илан, мейлің күл.
Ол тілге едік ондайлы,
Қарыпсыз біліп сондайды,
Біліп-ақ, ұғып қоюшы ек,
Енді ішіме қонбайды.

Ғылым таппай мақтанба
Ғылым таппай мақтанба,  
Орын таппай баптанба, 
Құмарланып шаттанба 
Ойнап босқа күлуге. 
Бес нәрседен қашық бол, 
Бес нәрсеге асық бол, 
Адам болам десеңіз. 
Тілеуің, өмірің алдыңда, 
Оған қайғы жесеңіз. 
Өсек, өтірік, мақтаншақ, 
Еріншек, бекер мал шашпақ — 
Бес дұшпаның білсеңіз. 
Талап, еңбек, терең ой, 
Қанағат, рақым ойлап қой — 
Бес асыл іс, көнсеңіз. 
Жамандық көрсең нәфрәтлі,* 
Суытып көңіл тыйсаңыз. 
Жақсылық көрсең ғибрәтлі,* 
Оны ойға жисаңыз. 
Ғалым болмай немене, 
Балалықты қисаңыз?
Болмасаң да ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз. 
Ондай болмақ қайда деп, 
Айтпа ғылым сүйсеңіз.
Сізге ғылым кім берер, 
Жанбай жатып сөнсеңіз? 
Дүние де өзі, мал да өзі, 
Ғылымға көңіл берсеңіз. 
Білгендердің сөзіне 
Махаббатпен ерсеңіз. 
Ақыл сенбей сенбеңіз,
Бір іске кез келсеңіз. 
Ақсақал айтты, бай айтты, 
Кім болса мейлі, сол айтты 
Ақылменен жеңсеңіз. 
Надандарға бой берме, 
Шын сөзбенен өлсеңiз.
Аят, хадис емес қой,
Күпір болдың демес қой, 
Қанша қарсы келсеңіз.
Көп орында көріне айтпа, 
Біздің сөзге ерсеңіз.
Мұны жазған кісінің,
Атын білме, сөзін біл!
Осы жалған дүниеден.
Шешен де өткен не бұлбұл,
Көсем де өткен не дүлдүл.
Сөз мәнісін білсеңіз,
Ақыл-мизан, өлшеу қыл.
Егер қисық көрінсе,
Мейлің таста, мейлің күл.
Егер түзу көрінсе,
Ойлап-ойлап, құлаққа іл.
Ақымақ көп, ақылды аз,
Деме көптің сөзі бұл.
Жақынның сөзі тәтті деп,
Жақыным айтты дей көрме. 
Надандықпен кім айтса, 
Ондай түпсіз сөзге ерме, 
Сізге айтамын, қаупiм —бұл. 
Өзің, үшін үйренсең, 
Жамандықтан жиренсең, 
Ашыларсың жылма-жыл. 
Біреу үшін үйренсең, 
Біреу білмес, сен білсең, 
Білгеніңнің, бәрі — тұл. 
Сөзіне қарай кісіні ал, 
Кісіге қарап сөз алма. 
Шын сөз қайсы біле алмай, 
Әрнәрседен құр қалма. 
Мұны жазған білген құл, 
Ғұламаһи Дауани 
Солай депті ол шыншыл. 
Сөзін оқып және ойла, 
Тез үйреніп, тез жойма, 
Жас уақытта көңіл — гүл

Ғашықтық, құмарлық пен — ол екі жол
Ғашықтық, құмарлық пен — ол екі жол, 
Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол. 
Сенен артық жан жоқ деп ғашық болдым, 
Мен не болсам болайын, сен аман бол.
Көңілімнің рақаты сен болғансың, 
Жасырынба, нұрыңа жан қуансын. 
Бірге жаққан біреуге жақпаушы еді, 
Сүйкімді тірі жанға неткен жансың?!
Ғашықтық келсе жеңер бойыңды алып, 
Жүдетер безгек ауру сықылданып. 
Тұла бой тоңар, суыр үміт үзсе, 
Дәмеленсе өртенер күйіп-жанып.

Қажымас дос халықта жоқ
Қажымас дос халықта жоқ,
Айнымас серт қайда бар? 
Алда көрген артта жоқ, 
Мысқыл, өсек, айла бар.
Жақсылығың күнде ұмыт, 
Бір жаңылсаң, болды кек. 
Пайдасынан бой суыт, 
Өзі тимей жүрсе тек.
Пайда, мақтан өзінен 
Артыла ма ант ұрып? 
Жарыса өсек сөзінен, 
Айта берсін шарқ ұрып.
Кімге достық көп еттім, 
Түбі болды бір кейіс. 
Жақсы өмірім әуре өттің, 
Жар таба алмай бір тегіс.
Жау қожаңдап бұртайып, 
Дос құбылып, әуре етер. 
Кімі тентек, кімде айып, 
Тексере алмай өмір өтер.

Қалың елім, қазағым, қайран жұртым
Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,  
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың. 
Жақсы менен жаманды айырмадың, 
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың. 
Бет бергенде шырайың сондай жақсы, 
Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың? 
Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді,  
Аузымен орақ орған өңкей қыртың. 
Өзімдікі дей алмай өз малыңды, 
Күндіз күлкің бұзылды, түнде ұйқың. 
Көрсе қызар келеді байлауы жоқ, 
Бір күн тыртың етеді, бір күн — жыртың. 
Бас-басына би болған өңкей қиқым,  
Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын? 
Өздеріңді түзелер дей алмаймын, 
Өз қолыңнан кетпесе, енді өз ырқың.
Ағайын жоқ нәрседен етер бұртың, 
Оның да алған жоқ па құдай құлқын? 
Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ, 
Сапырылды байлығың, баққан жылқың. 
Баста ми, қолда малға талас қылған,
Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқың. 
Оңалмай бойда жүрсе осы қыртың,
Әр жерде-ақ жазылмай ма, жаным, тырқың.
Қай жеріңнен көңілге қуат қылдық,
Қыр артылмас болған соң, мінсе қырқың?
Тиянақсыз, байлаусыз байғұс қылпың,
Не түсер құр күлкіден жыртың-жыртың,
Ұғындырар кісіге кез келгенде,
Пыш-пыш демей қала ма ол да астыртын?

Қансонарда бүркітші шығады аңға
Қансонарда бүркітші шығады аңға, 
Тастан түлкі табылар аңдығанға
Жақсы ат пен тату жолдас — бір ғанибет
Ыңғайлы ықшам киім аңшы адамға.
Қанат, құйрық суылдап, ысқырады,
Салаң, етіп жолықса қайтқан ізі,
Сағадан сымпың қағып із шалғанда.
Бүркітші тау басында, қағушы ойда,
Іздің бетін түзетіп андағанда.
Томағасын тартқанда бір қырымнан,  
Қыран құс көзі көріп самғағанда.
Төмен ұшсам түлкі өрлеп құтылар деп,
Қанды көз қайқаң қағып шықса аспанға,  
Көре тұра қалады қашқан түлкі,  
Құтылмасын білген соң, құр қашқанға. 
Аузын ашып, қоқақтап, тісін қайрап, 
Ол да талас қылады шыбын жанға. 
Қызық көрер, көңілді болса аңшылар,
Шабар жерін қарамас жығылғанға. 
Қырық пышақпен қыржыңдап тұрған түлкі, 
О дағы — осал жау емес қыран паңға. 
Сегіз найза қолында, көз аудармай,  
Батыр да аял қылмайды ертең таңға.
Көктен қыран сорғалап құйылғанда.
Жарқ-жұрқ етіп, екеуі айқасады,
Жеке батыр шыққандай қан майданға.
Біреуі — көк, біреуі — жер тағысы,
Адам үшін батысып қызыл қанға.
Қар — аппақ, бүркіт — қара,түлкі-қызыл,
Ұқсайды қаса сұлу шомылғанға.
Қара шашын көтеріп екі шынтақ,
Ол да бүлк-бүлк етпей ме сипанғанда?
Аппақ ет, қып-қызыл бет, жап-жалаңаш,
Қара шаш қызыл түзді жасырғанда.
Күйеуі ер, қалыңдығы сұлу болып,
Бейне ұқсар тар төсекте жолғасқанға.
Арт жағынан жаурыны бүлкілдейді,
Қыран бүктеп астына дәл басқанда.
Құсы да, иесі де қоразданар,
Алпыс екі айлалы түлкі алғанда.
“Үйірімен үш тоғыз” деп жымыңдап,
Жасы үлкендер жанына байланғанда.
Сілке киіп тымақты, насыбайды
Бір атасың көңілің жайланғанда.
Таудан жиде тергендей ала берсе,
Бір жасайсың құмарың әр қанғанда.
Көкіректе жамандық еш ниет жоқ,
Аң болады кеңесің құс салғанда.
Ешкімге зияны жоқ, өзім көрген
Бір қызық ісім екен сұм жалғанда.
Көкірегі сезімді, көңілі ойлыға
Бәрі де анық тұрмай ма ойлағанда?
Ұқпассың,үстірт қарап бұлғақтасаң, 
Суретін көре алмассың, көп бақпасаң. 
Көлеңкесі түседі көкейіңе, 
Әр сөзін бір ойланып, салмақтасаң. 
Мұны оқыса, жігіттер, аңшы оқысын, 
Біле алмассың құс салып дәм татпасаң.

Қуанбаңдар жастыққа
Қуанбаңдар жастыққа,
Елерме күлкі, мастыққа.
Көзің қайдан жетеді
Достық пенен қастыққа?
Құрбыңның қызық дегенін,
Сөз екен деп ап шықпа.
Адалдан тапқан тиынды
Сал да сақта қапшыққа.
Қолдағыңды қорғап бақ,
Мал арзан деп аптықпа.
Сыпайы жүр де, шаруа ойла,
Даңғойланып қаптықпа.
Бет алды жанға бой салма,
Қорлық жүрмес сақтыққа.
Елу бесте біз-дағы
Сенісер адам таптық па?
Арыз құмар болғандар
Опыр-топыр, шаң-шұққа
Түспей жүр ме, көрдің бе,
Жалаң-жұлаң, тақ-тұққа?

Қыс
Ақ киімді, денелі, ақ сақалды, 
Соқыр-мылқау танымас тірі жанды, 
Үсті-басы — ақ қырау, тусі суық, 
Басқан жері сықырлап, келіп қалды. 
Дем алысы — үскірік, аяз бен қар, 
Кәрі құдаң — қыс келіп, әлек салды. 
Ұшпадай бөркін киген оқшырайтып, 
Аязбенен қызарып ажарланды. 
Бұлыттай қасы жауып екі көзін, 
Басын сіліксе, қар жауып, мазаңды алды. 
Борандай бұрқ-сарқ етіп долданғанда, 
Алты қанат ақ орда үй шайқалды. 
Әуес көріп жүгірген жас балалар, 
Беті-қолы домбығып, үсік шалды, 
Шидем мен тон қабаттап киген малшы
Бет қарауға шыдамай сырт айналды. 
Қар тепкенге қажымас қайран жылқы 
Титығы құруына тез тақалды. 
Қыспен бірге тұмсығын салды қасқыр
Малшыларым, қор қылма итке малды. 
Соныға малды жайып, күзетіңдер, 
Ұйқы өлтірмес, қайрат қыл, бұз қамалды! 
Ит жегенше Қондыбай, Қанай жесін, 
Құр жібер мына антұрған кәрі шалды

Құлақтан кіріп, бойды алар
Құлақтан кіріп, бойды алар
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй.
Дүние ойдан шығады,
Өзімді өзім ұмытып,
Көңілім әнді ұғады,
Жүрегім бойды жылытып.
Аңсаған шөлде су тапса,
Бас қоймай ма бастауға?
Біреу түртсе, я қақса
Бой тоқтамас жасқауға.
Бір күйгізіп, сүйгізіп,
Ескі өмірді түргізер.
Өмір тонын кигізіп,
Жоқты бар қып жүргізер.
Есіткендей болады
Құлағым ескі сыбырды.
Ескі ойға көңілім толады,
Тіріліп өткен құрғырды.
Ішіп, терең бойлаймын,
Өткен күннің уларын.
Және шын деп ойлаймын,
Жұрттың, жалған шуларын.
Тағы сене бастаймын
Күнде алдағыш қуларға.
Есім шығып қашпаймын,
Мен ішпеген у бар ма?

Өзгеге, көңілім, тоярсың
Өзгеге, көңілім, тоярсың,
Өлеңді қайтіп қоярсың?
Оны айтқанда толғанып,
Іштегі дертті жоярсың.
Сайра да зарла, қызыл тіл.
Қара көңілім оянсын.
Жыласын, көзден жас ақсын,
Омырауым боялсын.
Қара басқан, қаңғыған,
Қас надан нені ұға алсын?
Көкірегінде оты бар
Құлағын ойлы ер салсын.
Тыңдамаса еш адам,
Өз жүрегім толғансын.
Әр сөзіне қарасын,
Іштегі дертім қозғалсын.
Әуелесін, қалқысын,
От жалын боп шалқысын.
Жылай-жырлай өлгенде,
Арттағыға сөз қалсын.
Мендей ғарып кез болса.
Мойын салсын, ойлансын
Қабыл көрсе сөзімді,
Кім таныса, сол алсын.
Не пайда бар — мың надан
Сыртын естіп таңдансын.
Онан-дағы бір есті
Ішкі сырын аңғарсын.
Өздерің де ойлаңдар.
Неше түрлі жан барсың.
Ғылым да жоқ, ми да жоқ,
Даладағы аңдарсың.
Жүрегімен тыңдамай,
Құлағыңмен қармарсың.
Соны көріп, соларға
Қайтіп қана сарнарсың?

Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы
Өлең — сөздің патшасы,сөз сарасы,  
Қиыннан қиыстырар ер данасы. 
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, 
Теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы.
Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, 
Ол — ақынның білімсіз бишарасы. 
Айтушы мен тыңдаушы көбі —надан, 
Бұл жұрттың, сөз танымас бір парасы.
Әуелі аят, хадис — сөздің басы,  
Қосарлы бәйітсымал келді арасы. 
Қисынымен қызықты болмаса сөз, 
Неге айтсын пайғамбар мен оны алласы.
Мешіттің құтпа оқыған ғұламасы, 
Мүнәжәт уалилердің зар наласы, 
Бір сөзін бір сөзіне қиыстырар, 
Әрбірі келгенінше өз шамасы.
Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы,
Сонда да солардың бар таңдамасы.
Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын 
Қазақтың келістірер қай баласы?
Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап, 
Мақалдап айтады екен, сөз қосарлап. 
Ақындары ақылсыз, надан келіп, 
Көр-жерді өлең қыпты жоқтан қармап.
Қобыз бен домбыра алып топта сарнап, 
Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап. 
Әр елден өлең менен қайыр тілеп, 
Кетірген сөз кәдірін жұртты шарлап.
Мал үшін тілін безеп, жанын жалдап, 
Мал сұрап біреуді алдап, біреуді арбап, 
Жат елде қайыршылық қылып жүріп, 
Өз елін бай деп мақтар құдай қарғап.
Қайда бай мақтаншаққа барған таңдап,
Жиса да, бай болмапты, қанша малды ап. 
Қазаққа өлең деген бір қадірсіз, 
Былжырақ көрінеді, солады аңдап.
Ескі бише отырман бос мақалдап, 
Ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап. 
Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел, 
Сендерге де келейін енді аяңдап.
Батырды айтсам ел шауып алған талап, 
Қызды айтсам, қызықты айтсам қыздырмалап, 
Әншейін күн өткізбек әңгіме үшін, 
Тыңдар едің бір сөзін мыңға балап.
Ақыл сөзге ынтасыз, жұрт шабандап, 
Көнгенім-ақ соған деп жүр табандап. 
Кісімсіген, жеп кетер білімсіз кеп, 
Жіберсем өкпелеме көп жамандап. 
Амалдап қарағайды талға жалғап, 
Әркім жүр алар жердің ебін қамдап. 
Мақтан қуған мал құмар нені ұға алсын, 
Шықпаса мыңнан біреу талғап-талғап.
Мал жиып арамдықпен ұрлап-қарлап, 
Қусың десе, қуанып жүр алшаңдап. 
Қақса-соқса бір пайда түсе ме деп, 
Елдің байын еліртіп “жау мұндалап”.
Ынсап-ұят, ар-намыс, сабыр, талап, 
Бұларды керек қылмас ешкім қалап. 
Терең ой, терең ғылым іздемейді, 
Өтірік пен өсекті жүндей сабап.

Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?
Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?
Өткір тіл бір ұялшақ қыз болмай ма?
Махаббат, ғадауатпен майдандасқан
Қайран менің жүрегім мұз болмай ма?
Амалсыз тағдыр бір күн кез болмай ма?
Біреуге жай, біреуге тез болмай ма?
Асау жүрек аяғын шалыс басқан.
Жерін тауып артқыға сөз болмай ма?
Сонда жауап бере алман мен бишара,
Сіздерге еркін тиер, байқап қара.
Екі күймек бір жанға әділет пе?
Қаны қара бір жанмын, жаны жара.
Жүрегіңнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма!
Жасымда албырт өстім, ойдан жырақ,
Айлаға, ашуға да жақтым шырақ.
Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым,
Етекбасты көп көрдім елден бірақ.
Ой кіргелі тимеді ерік өзіме,
Сандалмамен күн кешкен түспе ізіме.
Өзі ермей, ерік бермей, жұрт қор етті,
Сен есірке, тыныш ұйықтап, бақ сөзіме!
Ішім — толған у мен өрт, сыртым дүрдей,
Мен келмеске кетермін түк өндірмей.
Өлең шіркін — өсекші, жұртқа жаяр,
Сырымды тоқтатайын айта бермей.